Бүгін Сырым ауданында тоғызқұмалақтан Ж.Досмұхамедовтың 130 жылдығына арналған 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өткізілді. Тақта ойынына өңірден жеті команда қатысып, 50-ге тарта спортшы үздік атануға тырысып бақты.
Төл мұрамыздың бірі саналатын тоғызқұмалақ ойыны бүгінде қарқынды дамуда. Адамның ой-өрісін дамытып, шыдамдылық пен шапшаңдыққа тәрбиелейтін спорттың бұл түрімен айналысуға бет бұрған оқушылар қатары да жыл санап еселенуде. Тиісінше, өңірде байрақты бәсекелерде топжарғандар саны артып келеді. Мәселен, БҚО дене-шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әскербек Нұрмұхановтың айтуынша Қазақстан Республикасының төртінші жастар ойындарынан БҚО жасөспірімдер құрама командасы қола медаль иеленсе, ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында БҚО құрама командасы жеңімпаз атанған.
Команданың биік белестен, жеңіс тұғырынан көрінуіне Сырым ауданы, Жетікөл ауылының тумасы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сайран Матыловтың қосқан үлесі зор дейді. 
Жарыс қорытындысында командалық есепте Жаңақалалықтардың жұлдызы жанды. Оралдықтар мен Бөрліліктер үздік үштіктен көрінді.