Бүгін Сырым ауданында Сырым Датұлының 275 жылдығы, Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл және Ж.Досмұхамедовтің 130 жылдығы, Ұлы Жеңістің 72 жылдығы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай көпшілік велошеру ұйымдастырылды. Аталмыш шараға Аралтөбе, Бұлан, Бұлдырты, Қособа, Сарой, Талдыбұлақ, Жымпиты ауылдық округтерінен 72 адам қатысты.
Велошеру аудан орталығының Орал бағытындағы «Жымпиты» қақпасынан бастау алып, қатысушылар Алашорда, С.Датұлы, Абай, Амангелді, Қазақстан көшелерімен жүріп өтіп, орталық алаңдағы Жеңіс мемориалдық кешенінде мәре сызығын кесті. Салтанатты марапаттау рәсімі Орталық алаңдағы сыртқы сахнада өтті.
Шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтау сөз сөйлеп, "Ардагер спортшы" Біран Қаженовке, "Ең жас қатысушы" Орынбасар Диасқа, «Ең ұзақ қашықтықты бағындырған әйел адам» аралтөбелік Алтын Жолсариеваға, Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп директоры Н.Құлмұқановаға, бұландық Ерлан Талпыновқа, бұлдыртылық Тимур Тілековке, саройлық Мақсат Насыровке, аралтөбелік Аңсар Самиғоллаға, қособалық Айдос Төлеуовке алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Велошеруге қатысушыларға арнап Сырым аудандық демалыс орталығы көркемөнерпаздары сазды сәлемін жолдады.