Сырымда Сырым Датұлының 275 жылдығы, Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл және Ж.Досмұхамедовтың 130 жылдығына арналған 1 сәуірден бастау алған мекеме қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада өз мәресіне жетті. Жалпы жарысқа «Ынтымақ», «Мәдениет», «Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп», «Денсаулық», «Бірлік», «Барыс», «Айбын», «Динамо» командалары қатысты. Спартакиада волейбол, баскетбол, үстел теннисі, дойбы, қазақ күресі, асық ату, қол күресі, шағын футбол, арқан тартыс, жеңіл атлетика сынды спорттық ойын түрлерінен оздырылды. 
Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 7 жыл қатарынан өткізілген спартакиадаға биыл 600-ге жуық мекеме қызметкерлері қатысты.
Жарыстың қорытынды марапаттау шарасы С.Датұлы атындағы саябақта өтті. Бұл күні саябақтағы су бұрқақтың маусымдық ашылуы болды. 
Жалпы командалық есепте бірінші орынды екінші жыл қатарынан «ЖББ Қ.Мырзалиев мектебінің» командасы жеңіп алды. Екінші орын – «Айбын», үшінші орын «Денсаулық» командасының спортшыларына бұйырды. Сонымен қатар үздік ойыншылар мен жетекшілер де назардан тыс қалмады. Қатысушылар мұндай игі шараның тұрақты түрде өткізіліп, жыл сайын жалғасын тапқанын қалайды.

Шараны Сырым аудандық «Демалыс» орталығының көркемөнерпаздары көркемдеді.