Бүгін Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың төрағалығымен өткен Сырым ауданы әкімдігінің кезекті отырысында балалар мен жасөспірімдердің жазғы кезеңдегі демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиева хабарлама жасады.
Биылғы жылы жазғы демалыспен 2727 оқушы қамтылады деген жоспар бар. Бұл аудан оқушыларының – 99,5 пайызы. Былтырғы жылғы көрсеткіш бұдан қымқа төмен болған. Көрсеткіш көрсеткіш қой, басты мәселе жазғы демалысты барынша әр алуан әрі мазмұнды ұйымдастыруда. Аудан әкімі Абат Шыныбековтың өзі осыны талап етіп отыр. Әкімнің талабы – құптарлық талап. Қазіргі жас буынның ұлттық тәрбиеден, соның ішінде ұлттық дәстүр мен құндылықтан алыстап бара жатқаны рас. Оған әркім бір кісідей алаңдайтын болар. Алаңдаған жақсы, амал жасаған – ол бөлек әңгіме. Амалдың біреуі сол, аудан басшысының арнайы тапсырмасына орай, биылғы жылы Сырым ауданындағы жазғы демалыс лагерлерінде ұлттық ойындардан чемпионаттар өтеді. Чемпионаттарда ұлттық ойындардың асық ату, садақ тарту сияқты түрлері кеңірек насихатталады деп күтілуде.
Келесі айдың 1 жаңасынан бастап Бұлан ауылдық округіндегі «Достық» лагері алғашқа демалушыларды қабылдай бастайды. Аудандық лагерь осы жазда 600 оқушыға қызықты демалыс сыйламақ. Білім беру бөлімінің мәліметінше, лагердің ұйымдастыру жұмыстарына жауапты болып аудандық «Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы» және «Жас туристер станциясы» МКҚК бекітілген. Осы сияқты мектепішілік лагерлерден тыс, Бұлдырты ауылдық округінде дарынды оқушылар үшін бейінді лагерь және Шолақаңқаты ауылдық округінде шатырлы лагерь жұмыс істейтін болады. 
Өткен жылы Орал қаласындағы «Дарын» қосымша білім беру орталығы ұйымдастыратын жыл сайынға ақысыз бейімді ауысымдарға және «Еуразия», «Самал» сауықтыру орталықтарына жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан қаралған қаржыдан 90 оқушы жазғы демалысқа жолданды. Биыл бұл жұмыс жалғасады. 
2017 жылдың жаз айларында Астана қаласында «EXPO – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Осы көрмеге аудан мектептерінің 100 оқушысы жергілікті қаржының есебінен бару мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұлардан бөлек, дарынды оқушылар мен еңбек адамдарының балаларының да ел астанасындағы халықаралық көрмені тамашалауға мүмкіндігі бар. Қазіргі күні Сырым ауданы әкімдігінің іскерлігі арқасында балалардың демалыс шығындарын көтеретін жеке демеушілер табылды. Аудан әкімі Абат Шыныбеков әріптестеріне жоспарлы жұмыстарға аса жауапты болуды тапсырды. 
Отырыста аудандағы қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы жайлы да хабарлама тыңдалды.