Темірлан мен Нұрымжан Ғаббасовты біздің жақ жақсы таниды. Олардың палуан екендіктері өз алдына, азаматтықтары да керемет. Кешегі аптадан бері осыны Ақжайық ауданы жағы да сүйсініп айтып жүрген көрінеді.
Жуырда Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округінде ауыл тойы өтіпті. Осы тойдағы палуандар күресінде Нұрымжан Ғаббасовтың бабы да келіп, бағы да жанып, түйе палуан атанды. Ал Темірлан Ғаббасов "Қой көтеруден" жеңімпаз атанды. Бұл қой - Темірланның "мансабындағы" 16 - шы қой.
Келесі Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, спорт ардагері Е. К. Нысанбаевтың 75 жас мерейлі тойына арналған еркін және қазақ күресінен болған Батыс Қазақстан облысының ашық турнирінде Нұрымжан "Түйе палуанды" тағы ұтты. Темірлан "Өгіз палуан" атанды.
Темірлан Ғаббасов одан кейін ҚМДБ облыстық өкілдігі ұйымдастырған күрестің жеңімпазы атанып үлгерді. Ал Нұрымжан Ғаббасов биыл "Қазақстан барысы - 2017" сайысының облыстық кезеңінде аудан намысы үшін күреседі.
Ағайынды балуандарға "Аллажардан!" артық айтарымыз жоқ!