Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ашылды. Жымпиты жәрмеңкесі биыл басқа жылдарға қарағанда ерте басталып отыр. Оған тұрғындардың сұранысы себеп. 
- Жымпиты жәрмеңкесі күні бүгін дәстүрлі сауда думанына айналды. Бұл жәрмеңке арқылы ауыл тұрғындары өз шаруашылықтарының өнімдерін тұтынушыларға тікелей, яғни делдалсыз сата алады. Делдалсыз сауда сатушыға да, сатып алушыға да тиімді. Біздің жәрмеңке еңбек адамдары үшін табыс табудың мықты мүмкіндігі болып отыр. – деді жәрмеңкенің салтанатты ашылуы шарасында сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Шыныбеков. Сондай – ақ, аудан басшысы тұрғындарды Отан қорғаушылар мейрамымен құттықтады. 
Жымпиты жәрмеңкесінде ауданға қарасты барлық ауылдық округтің шаруалары өз өнімдерін шығарды. Іздеген адамға жәрмеңке сөресінде ет өнімдері де, сүт өнімдері де, балық та, мал да бар. Бастысы – тиімді бағаға. Мәселен, ет дүкендерінде ірі қараның етінің келісі 1 600 теңгеден болса, Жымпиты жәрмеңкесінде осындай етті келісін 1 300 теңгеден, тіпті одан да арзанға табуға болады. Осындай мысалдар жетерлік. 
Жымпиты - мамыр айында өзінің «төл» қиярын саудаға шығаратын санаулы ауылдардың бірі. Бейбіт Тахамбетовтың жылыжайының өнімдерін аудан тұрғындары қашан да үлкен сұраныспен сатып алады. 
Жымпитының жәрмеңкесінде өз ауданымыз бен облысымыз былай тұрсын, өзбектер де сауда жасайтын болыпты. Көріп таңқалдық кәдімгідей. Қалай айтқанда да, Жымпиты ауылының Самара – Шымкент халықаралық магистралінің бойында жатуы өзінің экономикалық тиімділігін тигізіп жатыр.
Ұлты өзбек қарт бағбан Бекмұхамед бұл жәрмеңкеге былтыр өзінің бақшасындағы қауын мен қарбызды алып келген еді. Осы жолы ол жеміс ағаштарының түптерін сатуға келіпті. 
- Мен бақшада дүниеге келген адаммын. Ата – бабамның бәрі қолынан кетпен кетпеген бақшашы болған. Мен де осы кәсіпті таңдадым. Бақша салу – менің ата кәсібім әрі пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің сүннеті. 
Мына жеміс ағаштарының түптерін Өзбекстаннан алып келемін. Қазір Ақтөбе облысы жағында бақша салумен айналысып жатырмын. Қазақ бауырлардың жеміске малынған бақшасы болғанын, көрікті көшесі болғанын қалаймын. – дейді өзбек ақсақалы Бекең.
Жәрмеңке ауласында ҚР Қарулы күштерінің құрылғанының 25 жылдығының құрметіне мерекелік концерт пен спорттық сайыстар өтуде.