ЕКІНШІ НҮКТЕСІ.

1918 жылдың сәуірінде Жымпитыда өткен IV Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен Ойыл уәлаяты құрылды. Ойыл уәлаятының құрамына Ілбішін, Орал, Гурьев, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің қазақтар мекендеген аудандары мен Маңғыстау, Ойыл және Бөкей уездері кірді. Біздің екінші нүктеміз – осы оқиғалардың орталығы болған Ойыл. Нақтырақ айтқанда, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының орталығы – Ойыл ауылы.
Ойылға қарай Қаратөбеден далалық жолмен тікелей шығуға болады екен. Біз осы жолды таңдадық. Олай етпесек, тас жолмен Жымпитыға кері қайтып, Самара – Шымкент күре жолына түсіп бару – ойдай уақыт. Уақыт болғанымен, адамның жағдайына тас жол жақсы. Біз үшін қазіргі кезде жағдайдан гөрі, уақыттан ұту маңызды. 
Содан не керек, қаратөбелік жігіттер көрсеткен жолмен жүре – жүре осы ауданға қарасты Аққозы ауылдық округінен бір шықтық. Бұл округ – асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын округтердің бірі. Осы округтегі бір ғана «Сатыбалды» шаруа қожалығының өзінде қазақтың ақбас сиырының басы мыңдап жайылады. Асыл тұқымды аталық мал сатып алу үшін көрші аудандар Қаратөбеге, нақтырақ айтқанда осы Аққозыға жиі келеді. Бұл жақтың жұртының негізгі жұмысы, осы – мал шаруашылығы. Ауылдың майға бай екен жолай жүрген жылқылардың қарасынан да байқадық.
Аққозыға келіп, округтің әкімі Қоныс Мұқановқа жолықтық. Ол кісі бізге Ойылға қарай шығар жолды көрсетті. Ойылға қарай жүретін автокөлік жолына шығу үшін, біз Аққозыға қарасты Қосбас, Қаракөл сияқты елді - мекендердің үстімен өтуге тиіс екенбіз. Тиіс жерлерді өттік. Ақтөбе облысының шекарасына да кірдік. Тек, облысқа қарасты Жекенді (біреулер Сарыбие деп айтады) деген ауылдан автотабанды жолға шыға бере, бұрылыстан жаңылыстық. Оны кейін білдік. Жетікөл деген қыстақтың тұсынан кері жүріп, Ойылға деген бетімізді тағы түзеп алдық. Содан кешкі сағат 21:00 – ді шамалай бергенде Ойылдың оттары көріне бастады. 
Біздерді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев пен Ш. Берсиев атындағы ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева қарсылады. Күн кешкіріп қалған екен. Аздаған амандасудан кейін қалған әңгімені ас дастарханының басында жалғастырдық. 
Ойыл ауданының әлеуметтік көрсеткіштері біздің Сырым ауданымен шамалас екен. Ауданның жалпы халық саны да, аудан орталығындағы тұрғындар саны да бірдей. Ауданның орталығы барынша жақсы абаттанған. Бір кірген кезде Ақсай секілді моноқалаларды еске түсіреді. Аудан шаруашылықтың бәріне де қырлы сияқты. Әсіресе, бақша өсіру мен дәнді дақылдарды егу осы жақта жақсы дамыған сыңайлы.
Біздің басты келген шаруамыз – экспедиция. Оны ұмытқан жоқпыз. Кешкі уақытта Ойыл ауылында жоспарланған «Ойыл – Алаш тарихында!» атты кездесуге үлгере алмағанымыз өкінішті болды әрине. Бірақ, елді танудың басқа жолын таптық. Таптық та, түннің жарымына қарамастан Ш. Берсиев атындағы ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейімен таныстық. Музейдің қорында 4884 жәдігер бар екен. Музейдің өзі 8 залдан тұрады. Асықпай аралап, танысып шықтық. 
Бір байқағанымыз – музей Алашорда үкіметіне және оның қайраткерлеріне қатысты жәдігерлерге жұтаң. Арнайы бұрышта тек Мұстафа Шоқайдың кітабы, бір хаттаманың түпнұсқасы және кейбір құжаттардың көшірмелері ғана тұр. Басқа ештеңе де жоқ. Оны түсінуге болады. Жұрттың бәрі Жымпиты емес қой мүлкі мен жиһазы түгілі, Алаш үкіметінің кеңсесіне дейін сақталып қалған. 
Музей директоры Балқия Рысбаева біздің сапарымызға барлық игі тілектерін айтты. Балқия апамыздың өзі де Алаш тақырыбынан алыс емес екен. Тіпті, өзі бірқатар дербес зерттеулерді қолға алып көрген. Мәселен, осы кісі 2008 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданына барған кезде Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің көсемдерінің бірі Халел Досмұхамедовтың үйінің орынын тапқан. Тайсойған құмында тұрған Халелдің ставкасының маңынан табылған шырайы үш бөлмелі үйге келетін жер үйдің орыны – нақты Халелге тиесілі екеніне музей қызметкері сенімді. Сол жерден үйдің бел ағаштары шыққан. Бұл белағаштар бүгінгі күні Ш. Берсиев атындағы ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қорында сақтаулы тұр. 
Бүгінгі күнімізді осымен қорытындыладық. Құдай қаласа, ертеңгі күніміздің бір – екі сағатын тағы да Ойыл ауылына арнаймыз. Алда – әйгілі Көкжар жәрмеңкесінің орыны.