ЕКІНШІ НҮКТЕСІ.

Экспедиция мүшелеріне алғашқы күн аса ауыр болған жоқ. Бірақ, аса жеңіл де болды дей алмаймын. Біз түнейтін үйімізге жеткенше сағат түн ортасынан асып та кетті. Сапарластарымыз дұрыстап тынығып алатын болды. Мен кешегі күннің жазбасын жазып тастап, сәл кештеу жаттым. Жазатын дүниені суып қалмай тұрғанда жазып тастап, дұрыс жасадым деп ойлаймын. 
Ертесіне ертерек ояндық. Бізде жай басып, жайбарақат жүретін шама да жоқ. Оның үстіне кешегі кешіккеніміздің кесірінен, бүгін бағдарламамызды «қуып жетуге» міндеттіміз. Таңғы асымызды ас қылып ішіп алдық та, Ойылды аралауға шықтық. Жолбастаушымыз - Ш. Берсиев атындағы ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева. 
Біздің бірінші тоқтаған нысанымыз – Ойылдағы атақты Көкжар жәрмеңкесінің сауда орындары. 
Көкжар жәрмеңкесі (кейде Ойыл жәрмеңкесі) – Ойыл бекінісінде жұмыс істеген маусымдық сауда – саттық орыны. Жәрмеңке туралы әріптесім, журналист Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫНЫҢ ғаламтор бетіне жарияланған мына мәліметі бар екен.
Барқынның бойында…
Ресейдің атақты 10 жәрмеңкесінің, Қазақстандағы атақты 3 жәрмеңкенің бірі болған, өз заманында атағы айшылық алыс жерлерге жеткен Көкжар жәрмеңкесі тарихта Батыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі сауда орталығының бірі ретінде айтылады. Тарих ғылымдарының кандидаты Беркін Құрманбековтің «Ойыл жәрмеңкесі» атты еңбегіндегі деректерге сүйенсек, Көкжар жәрмеңкесі туралы негізгі ережелер 1866 жылдың 7 қыркүйегінде Ресей Ішкі істер министрлігінде бекітілген. Ол ресми түрде 1867 жылы көктемде Орал облысының Қазбек болысында ашылған. Екі жылдан кейін Қазбекте ашылған Ойыл жәрмеңкесі «орыс көпестерінің қауіпсіздігін, емін-еркін қозғалысын және товарларының тезірек әрі толығымен сатылуын» қамтамасыз етуге қолайлы орын ретінде Ойыл бекінісінің жанына Барқын шатқалына көшірілген. Жаңа орындағы алғашқы, 1869 жылғы күзгі жәрмеңке өте табысты өткен.
Ал мынау тарихшы Беркін ҚҰРМАНБЕКОВТЫҢ өзінің жазғаны:
«Тауар айналымының өсуіне байланысты Ойыл жәрмеңкесінің сауда алаңына 18 тас корпус салынып, олардың әрқайсысында 9 лавка орналастырылды. Ойыл жәрмеңкесі қарама-қарсы орналасқан ұзындығы 400-500 метрге созыла салынған сауда ғимараттарында өткізілетін болған. Осы қатарда екі үлкен сауда корпустары, 30-дан астам дүкеншелер (ларектар) орналасқан.»
Біз екінші күнгі сапарымызда осы корпустарды өзіміздің көзімізбен көрдік. Көкжар жәрмеңкесінің сауда орындары Ойыл ауылының орталығындағы Даңқ саябағының ауласында орналасқан екен. Келген адам ең әуелі ауланың сол жағындағы корпустарды тамашалай алады. Себебі, сол жақ қабат кірген адамға кәдімгідей жақын тұр. Сол қанатта қызыл кірпіштен салынған 5 бірдей корпус бар. Корпустың әрқайсысының 18 темір қақпасы бар. Бұл қақпалар жаңғыртылғанға дейін ағаштан болған. Кірпіштер Ойылдың құмынан құйылып, күйдірілген. Ауланың оң жақ қанатында дәл осындай тағы 4 корпус бар. Негізі, сол қанаттағы сияқты, оң қанатта да 5 корпус болуы керек еді. Симметрия деген нәрсе бар ғой. Сөйтсек, 1 корпус бұзылған екен. 
Қос қанаттағы сауда қатарларының қақ ортасында қызыл кірпіштен салынған тағы бір көлемді ғимарат бар. Бұл ғимарат кезінде жәрмеңке комитетінің үйі болған. Комитет үйі «Е» әрпіне ұқсайтын бағытпен салынған. «Е» деген әріп - Ресейдің патшайымы ІІ Екатеринаның құрметіне дегенді білдіреді. Қазір бұл ғимарат Ойыл аграрлық колледжінің жатақханасы есебінде пайдаланылады. 
Осы маңда Ойыл аграрлық колледжінің өзі орналасқан. Колледждің директоры Серік Займолдиннің айтуынша, Ойыл аграрлық колледжінде 230 студент студент ветеринария, ауыл шаруашылығын механикаландыру, есептеуіш техника, бухгалтерия сияқты салалар бойынша білім алады. 110 cтудент тегін жатақханамен қамтылған. 
Қорыта айтқанда, Көкжар жәрмеңкесінің әңгімесі бітпейді. Оның қазақ жерінде ізі сақталған бірден – бір жәрмеңке екені де - бір бөлек әңгіме.
Өзімді тебіренткен бір дерек, Көкжар жәрмеңкесінде ақын Кердері Әбубәкір мен атақты Молдабайдың, күйшілер Ұзақ, Құрманғазы, Дәулеткерейлердің, «сөзден мүсін жасаған» Қашаған, Нұрым, Ақтан секілді жыраулардың, әйгілі сал Мұхиттардың өнер көрсеткені болды. 
Биыл Көкжар жәрмеңкесіне 150 жыл толады.