ЕКІНШІ НҮКТЕСІ.

Келесі аялдаған нысан – Көкжар мешіті. Қызыл кірпіштен қаланған, күміс түстес жалғыз мұнаралы мешіт кеше Ойылға келіп жатқанымда менің көңілімді өзіне байлап үлгерген - ді. Көрген сәттің өзінде ескі мешіттің бірі шығар деп шамаладым. Шамалауым дұрыс екен. 
Бұл мешіт 1893 жылы пайдаланылуға берілген. Алғашқы имамы – Сағидолла Ізтілеуов деген молда екен. Ол кісі 1937 жылы қуғынға ұшырап, атылып кеткен. 
 Алыстан шағындау сияқтанғанымен, мешіт ғимаратында көлем бар екен. Ғасырдан аса уақыт тұрған ғимаратқа мүлде ұқсамайды. Балғадай. Келбетін жоғалтпаған. Мешіттің ауласына жамағат бақша салған. Бұл бір жағынан еңбектің үлгісі, екінші жағынан біреулерге азық. Әсіресе, мұқтаждарға. 
Мешіт ішінде жарты сағаттың шамасында болдық та, орталық көшеге қарай шықтық. Көкжар көшесі – орталық көшелердің бірі. Бұл көшеде де кешегі жәрмеңкенің кезінен қалған көне ғимараттар бар екен. Көбін кәсіпкерлер жеке дүкеннің есебіне пайдалануда. 
Біз үшін Көкжар көшесі мен Б. Жолмырзаев көшесінің қиылысындағы Ойыл аудандық білім беру бөлімі ғимаратының да қатысы бар екен. Бұл ғимарат кезінде емдеу мекемесі болыпты. Әрі осы жерде алаш зиялысы Халел Досмұхамедов еңбек еткен. 
«Бұл емдеу мекемесінде белгілі қоғам қайраткері, ғалым, дәрігер Халел Досмұхамедұлы 1893 – 1939 жылдары қызмет еткен» - деп жазылған ғимараттың шекесіндегі ескерткіш тақтада. 
Ойылды айнала жүріп тағы бір қызыл кірпішті үйге тоқтадық. Үйдің иесіз тұрғанына біраз уақыт өткені көрініп тұр. Бұл үй бұрындары байланыс саласының кеңсесі болған. Бір қызығы, әуелдегі Жайықтың сыртқы бөлігіндегі земство басқармасының апталық басылымы болған «Еркін қазақ» газеті осы ғимаратта басылған. 
«Еркін қазақ» - Жайық сырты бөлігі земства басқармасының апталық газеті. Газеттің Орал губернаторлығындағы уезд орталығы Ойыл кентінде бірнеше нөмірі жарық көрген. Шығарушысы (редакторы) әрі бастырушысы – Ахмет Маметов. 
Бұл газеттің алғашқы сандары Жымпитыда басылды. Мен газеттің атын «Ерік» деп естіген сияқты едім. Мәліметті сапардан оралғаннан кейін нақтылаймын деп түртіп қойдым. 
Ойылдан кетерде бай көпес Красавиннің үйінде де болып үлгердік. Ойыл сапары осы жерден аяқталды. Алда – Ақтөбе қаласы!