ҮШІНШІ НҮКТЕСІ.
17. 05. 2017 жыл
(екінші күн)

«Газель» бүгін кешегідей қиналған жоқ. Тас жолда «төрт тұяғын тең басып тұрып» сілтеді. Қобдадағы жанармай бекетіне аялдадық. Кейін жолды жалғастырдық. Түс ауа – Ақтөбе қаласында болдық. Қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Нұрғиса бізді жолдан күтіп алды.
Біз түстен кейін Ақтөбе қаласындағы өнер музейінде болдық. Осы музейде ғылыми қызметкер Бекарыстан Мырзабаймен жүздесіп, пікірлестік. Бекарыстан мырзаның ауызынан алаш зиялысы Мұстафа Шоқайдың Ақтөбе қаласына келген сапары жайлы деректерді естідік. Көп дерек нақтыланған екен. Мұстафа Шоқайдың зайыбы Мариямен бірге Ақтөбедегі қыздар гимназиясының ғимаратына 10 күндей тоқтапты. Бұл орын бүгінгі күні ақтөбеліктерге «Шахеризада» мейрамханасы ретінде белгілі. Шоқай кейін Темір ауданына аялдаған. Ғалымдар жағы Мұстафа Шоқай бүгінгі Темір ауданы әкімдігінің ғимаратына тоқтады деген деректі алға тартып отыр. Дәлелдер бар көрінеді. 
Мұстафаның осы ауданда жүрген кезінде бір ишанның үйіне қонғандығы айтылады. Ол имамның кім екені де белгілі сияқты. Ол ишан – Досжан ишанның күйеу баласы Жұмағали ишан болуы мүмкін. Жұмағали ишан - Ресейдің мемлекеттік Думасындағы отырыста қазақтың жайы жайлы екі сағат таза француз тілінде баяндама жасаған адам екен. Бекарыстан Мырзабайдың ауызындағы осы деректерді аудиожазбаға түсіріп алдым. 
Өнер музейінен кейін Әлия музейінде болдық. Кешкілік Ақтөбе вокзалына келіп, «Ақтөбе - Астана» бағытындағы отарбаға жайғастық. Алла қосса, ертең түс ауа – Астанадамыз!