ТӨРТІНШІ НҮКТЕСІ.
18. 05. 2017 жыл
(үшінші күн)

«Ақтөбе - Астана» бағытындағы 16 сағаттық жол біз үшін өте жайлы болды. Біз жайғасқан купе «Тұлпар - Тальго» жолаушылар вагонында орналасқан екен. ТМД бойынша баламасы жоқ бұл вагондар - «ҚазақстанТеміржолы» АҚ және испандық «Patentes TALGO» компаниясының біріккен жұмысының жемісі. Бірақ, өнім – қазақтікі. Себебі, вагонның зауыты Астана қаласында орналасқан.
Купелер – өте жайлы екен. Таза. Жинақы. Ішіндегі сервиске тіпті сөзіміз жоқ. Жол жайлы болды дегеніміз содан.
Сағат түскі 13:00 – де біздер «артынып - тартынып» Астана вокзалында тұрдық. Кейін қаланың ішіне кірдік. Жолай өтіп бара жатып, Сәкен Сейфуллиннің мұражайына тоқтадық. Бұл мұражайға келу – түстен кейінгі жоспардың бірі еді. Түскі асты былай қойып, әуелі жоспарды жүзеге асырғымыз келді. 
Сәкен Сейфулиин мұражайы ХІХ ғасырдың тарих және ағаш сәулет ескерткіші болып саналатын ғимаратта орналасқан. 
1846 жылы Самара қаласынан келген ресейлік көпес Казанцев Ақмола қаласында тұрғын және әкімшілік үйін салады. Мұражай орналасқан үйде кеңсе және жергілікті аймаұтан жиналған шикізат сақтайтын жертөле - қойма орыны болған. 
Революциядан кейін, ХХ ғасырдың 20 – жылдарынан бастап бұл ғимаратта түрлі Кеңестің қоғамдық ұйымдар мен жергілікті әкімшілік кеңселері орналасқан.
Сәкен Сейфуллин Ақмола уездік атқару комитетін осы жылдары осы ғимараттағы жұмыс кабинетінде отырып басқарған. 
Бір разы болғанымыз, мұражай жәдігерге бай екен. Бейімдеп, үйлестіріп, сәйкестендіріп қойған емес, бұл мұражайдағы жәдігерлердің дені – түпнұсқалар. Өзімді таңқалдырған жәдігерлер – Сәкен Сейфуллиннің екібортты костюмы мен қолтаяғы, ақынға 40 жасында өзбек жазушыларының жапқан ала шапаны мен тақиясы және Сәкен Сейфуллиннің өзі тұтынған француз әтірі. Бұдан бөлек, құжаттар мен заттай жәдігерлер де жетеді екен мұнда. 
Мұражайдың талабы бойынша, суретке түсіруге болмайды екен. Ебін тауып, бірді – екілі кадрды ғана жасадық. Мұражайдың ауызғы бөлмесінде Сәкен Сейфуллиннің «тар жол, тайғақ кешуінің» картасы тұр. (картаны мұражай қызметкерлері жасаған. Тарихи карта емес) Сәкен қуғында жүрген кезінде 844 шақырым жолды жаяу, жадап - жүдеп жүріп өткен екен. Айтпақшы, жаңағы картада латын қәріпімен біздің Жымпитының аты да жазылған. Сәкен Сейфуллиннің Жымпитыға сапары жайлы біз жақсы білеміз. Сәкеннің:
«...Болашақта Жымпиты Қазақстанның үлкен бір қаласы боларын ойладым. Шіркін, «Алашорда» білмей орнаған жоқ екен...» - дейтіні осы сапары.
Бүгін Астана қаласында боламыз.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ