БЕСІНШІ НҮКТЕСІ.
20. 05. 2017 жыл
(бесінші күн)

Біз мінген пойыз Семейдің вокзалына сағат 07:18 – де келіп тоқтады. 
Иә, «Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедициясының бесінші күн дегенде негізгі нүктеге жетті. Біз – Семейдеміз!
Семейліктер бізді ыстық ықыласпен күтіп алды. Елдің бойжеткендері алдымыздан дәм алып шығыпты. Дәм таттық. Амандық, саулық сұрастық. Алдымыздан ақжарқын кейіпте шыққан аққұба ару өзін Анармын деп таныстырды. Анар ханым Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы екен әрі бізді қарсылауға жауапты кісі де осы екен. Бізді вокзалдың алдында «Газель» автокөлігі күтіп тұрды. көлікке жүгімізді тиеп алдық та, бірден барып жалдамалы пәтерге жайғастық. Шаралар басталғанша бірер сағат уақытымыз бар. Жуынып, киім ауыстырып, өзімізді қалыпқа келтіріп алуға, тіпті таңғы ас ішуге де осы уақыт жеткілікті. Біздер экспедицияның арқасында уақытты тиімді пайдалануды үйрендік.
Күннің негізгі шарасы – Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында басталды. Кітапханаға барар жолда таңғы Семейді бір тамашалап өттік. Алғашқы әсерімізді айтатын болсақ, Семей қаласының біздің Оралға кәдімгідей ұқсайтыны байқалды. Ескі ғимараттар, көшелер, ағаштар бәрі – бәрі Оралға келіңкірейді. Сөйтіп, кітапханаға келдік. Бізді кітапхананың төменінен күтіп алған қызметкерлер жоғары қабатқа алып жүрді. Бұл қабатта Абай оқыған әдебиеттердің залы бар екен. Осы жерде кітапхана жайлы бір үзік тарихи дерек:
1883 жылы Е. П. Михаэлис бастаған саяси жер аударылғандардың ұйымдастыруымен негізі қаланған қоғамдық кітапхана Семей қаласындағы алғашқы тарихи – мәдени ошақтардың бірі болды. 
Кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатарында қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаев болды. Абай қалаға келген сайын кітапханаға ат басын тіреп, өзіне қажет кітап, газет – журналдарын алып, қыста қалада жатып, жазда қоржынын кітапқа толтырып, Шыңғысты жайлаған ауылына алып барып, үзбей оқыды. Абайдың биікке шырқауына дем беріп, қанат бітірген, Абай ақын үшін ұлылықтың алтын ұясы болған – осы кітапхана. Қазақ оқырманы Абай арқылы орыстың классикалық туындыларымен, Батыс Еуропа әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныс болды. 
Кітапхананың алтын қорында сақтаулы тұрған Абай оқыған әдебиеттерді бізге оқу залының меңгерушісі Жаңылгүл Манжыбаева таныстырды. Бұл жерде оқырманы Абай болды деп есептелінетін 200 – ге жуық кітап бар. Олардың ішінде «Құран. Фәтуа. Парсы тілінде. Пәкістан, Нулкишвар, 1874 жыл» деп жазылған қасиетті Құран Кәрім кітабы мен Ресей императорлық академиясынан 1829 жылы басылып шыққан Гомердің «Илиадасы» сияқты ерекше кітаптар бар. Арнайы сөреге әлем тілдерінде жарық көрген Абай шығармалары қойылған. 
Келесі залда – сирек басылымдар залы орналасқан. Бұл жердегі кітап қоры 4500 дананы құрайды. Осы залда негізінен Алашорда үкіметінің мүшелерінің баспа көрген еңбектері түпнұсқада сақталған. Мәселен, дәрігер Ахмет Мамедовтың 1935 жылы «Денсаулық жолында» атты латын әліпбиімен «ҚАЗАҚСТАН» баспасынан жарық көрген еңбегін көрдім. Осы сияқты, дәрігер Халел Досмұхамедовтың орыс тіліндегі «Как бороться с чумой среди киргизского населения?» кітабы мен «Адамның тән тірлігі» (төте жазумен жазылған «Анатомиясы») еңбегі бар. Осындай мысалдар көп. Бұл кітаптардың «аман қалуының» өзі бір тарих. Кезінде тыйым салынған осы кітаптар сөрелерден сыпырылып, буылып, түйілген күйде кітапхананың қорында «тыныш» жатып қалған. Құдайдың құдіреті болар, жарты ғасырдан астам уақыт «қамауда» болған кітаптар 2000 жылы ғана кітапхананың сөресіне қайта жайғасты. Бұл іске оқу залының меңгерушісі Жаңылгүл Манжыбаеваның тигізген үлесі зор. Мен кітапхананың да, жауапты адамдардың да байланыстарын өзіме жазып алдым. Керегі бар адамдар, менімен хабарласар. Айта кетейін, «Социалды Шығыс», «Социалистік майдан», «Түрксіб», «Егеменді Алтай» секілді басылымдардың ескі сандары да – осы жерде.
Сағат 10: 00 – де Абай атындағы әмбебап кітапханасында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Алаш идеясы – Тәуелсіздік жолы» атты дөңгелек үстел басталды. Шараның басты қонақтары – Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының «Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедициясының делегациясы. Кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева жүргізген дөңгелек үстелге Семей өңірінің тарихшы ғалымдары, жалпы зиялы қауымы қатысты. Олардың ішіндегі Семей қаласында Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің М. Қозыбаев атындағы тарих және саяси әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек КӘКІМОВ, Шығыс Қазақстан облысындағы Алаштану орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Тұрдығұл Шаңбай сияқты тұлғалардан арнайы сұхбаттар жазылып, алынды. Ол өңделіп, кейін жарияланады. 
Дөңгелек үстелдің басында пікірлер айтылды, тәжірибелер алмасылды. Пікір әр алуан, тәжірибелер де әрқилы. Бірақ, идея – біреу. Ол – Алаштануды насихаттау.
Экспедиция туралы алаштанушы, журналист, тарихшы Мұрат Кенемолдин: 
«Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедициясы – Алаштану жұмыстарының нәтижесі!» - деген баға берді. Өз басым осыдан артық ештеңе айтпаймын. Ештеңе айтпаймын дегенде, айттым негізі. Екі ұсыныс айттым. Оның бірі – 1 қыркүйек Білім күніндегі тәрбие сағатының басты тақырыбына Алашорда үкіметінің қызметінің 100 жылдығын арқау ету. Екіншісі – «Әмбебап жас» жобасын іске асыру. Ұсыныс ұсыныс па, ақын деп арқамнан қаққасын, арнауды да айттым.
«...Әлихан көсем шыққан Семей едің, 
Өзің едің қолдау мен құптау берген.
Бірінші көсем қалай шыға алмайды?
Күннің өзі бірінші шыққан жерден.» - деп бір қайырдық.
Тағы да Семей жайлы: 
«Жұрттың бәрі Астананы дәріптейді, 
Сен бірақ одан гөрі үлгілісің, 
Еуразияның кіндігі болмасаң да, 
Сен – Алашорданың кіндігісің!» - дегенді де айттық. Әйтеуір Семейді сықитып тұрып мақтадық. Семей риза былай. 
Дөңгелек үстелдің барысында хабарлама жасаған Семей қаласындағы қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының бөлім меңгерушісі Лаура Қадырова бізге керек адамдай көрінді. Қолында біраз дерек бар сияқты. Ол кісі жаңа құжат кітаптың су жаңа данасын біздің делегацияға табыс етті. Бұл кітап Сырым ауданына әлі талай пайдаға асатынына шүбәсіз сенімдіміз! 
Осы күні Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы әмбебап мұражайы «Алаш» электронды кітапханасының тұсаукесерін жасады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ