(бесінші күн)

Экспедиция мүшелері бүгінгі күннің түстен кейінгі бөлігін ұлы Абайдың жатқан жері Жидебайға арнады. Семейге бір келіп тұрып, Жидебайға соқпай кету – зиялы адам үшін ақталмайтын айып. Біз айыпты болмайық деп шештік. 
Абай – Алашорда үкіметінің мүшелерінің рухани мотиваторы болғаны белгілі. Абай – әуелден, жалпы ізгіліктің мотиваторы болды. Қалай болғанда да, Алашорда мен Абайдың арасында бір логикалық байланыс бар. Біз Абайды таныған сайын, Семейді таныған сайын экспедициямызға мазмұн қосамыз. Жидебайды жағаламақ болғанымыздың бір жөні – осы.
Семей мен Жидебайдың арасы 180 шақырым екен. Түскі асқа аялдамастан, дөңгелек үстел бітісімен жолға шықтық. Астымызда – «Газель». Жанымда – cемейлік жазушы, замандасым Қуат Киікбай! Ол – гид! Мен – турист. «Анау - Арқалық тауының сілемдері. Мынау – Абайдың жүрген жолы.» Осы қалыппен уақтың батыры Күшікбайдың бұлағына да жеттік. Сәл аялдап, бұлақ суын таттық. Әрі қарай – Қасқабұлақ. Сосын – Кеңгірбай бидің баласы Ералының жағы. Еңлік пен Кебектің кесенесі міне тұр. Осы тұсқа тоқтап, «Құрманбай» ШҚ асханасынан түскі ас іштік. Бесін бітпей Жидебайға да жеттік. Абай мен Шәкәрімнің басына барып, құран оқыдық. Кесенелері алып екен. Сәулетшілер жұмыстанғаны көрініп тұр. Аулада төрт мұнаралы мешіт бар екен. Ішінде бір тыныштық бар. 
 Абай Құнанбайұлының музей – үйі туралы естігеніміз көп. Бүгін көзбен көрдік. Әсер – тебіреніске толы. Кештетіп Семейге қайттық...