Экспедициялық топ Жымпиты ауылынан түс ауа аттанды. Алғашқы нүкте – Қаратөбе ауданының орталығы Қаратөбе ауылы. Қаратөбеліктердің ауданның меймандарын ауылдың кіреберісінен дәммен, әнмен қарсылайтын жақсы әдеті бар. Бұл жолы да солай болды. «Алла сапарымыздың сәтін салсын!» деп іштей тілек айтып, алдағы сапар үшін алаңдаулы келе жатқан біздерді көршілеріміз ауылға жетер – жетпестен ағыл – тегіл ән мен аста – төк дәмнің үстінен түсірді. Аялдап, ақтан ауыз тидік. Кейін ауылдың ішіне қарай жүріп кеттік. 
Алашорда үкіметінің тарихы жайлы сөз болған кезде, Қаратөбе ауданы міндетті түрде айтылады. Себебі, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қоғамдық – саяси оқиғалар Қаратөбе өңірін айналып өткен жоқ. Айналу былай тұрсын, үлкен саяси оқиғалар осы жақта болды десек те артық айтқандық болмайды. Соның бірі – Қаратөбе сиезі.
Қаратөбе сиезі туралы алаш зиялыларының бірі Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында айтып өтеді. 
«1918 жылдың 18 ақпанында қыстың қары мол, суық кезінде «Алаш» партиясының басшылары Ойыл, Гурьев, Орал, Жымпиты, Қаратөбе өңіріндегі болыс өкілдерін шақырып, Күнбатыс Алашордаға біріктіруге мақсаттаған құрылтай жиналысын Қаратөбеде өткізуді белгілеген. Қаратөбеге таңдау түсуі, сол шақтағы азамат соғысының қарсаңы, түрлі төтенше әрекеттерден аулақ, тыныш жерде мәселені егжей – тегжейлі талдау еді.»
Сиез өткен тарихи орынға жақындаған шамада толқып кеткеніміз рас. Өйткені, төгіліп тұрған қарақұрым халық бір қарағанда кешегі күндерде өткен қазақтардың құрылтайын көз алдыңа әкеледі екен. Құрылтай десе, дегендей. Ауданның үстімен экпедиция өтеді дегенді естіген қаратөбеліктер сапаршыларға қолдау білдіруге мүмкіндігінше мол жиналған. Келген экспедиция мүшелерін Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров әріптестерімен бірге қарсы алды. Кейін сиез өткен тарихи орында «Алаш идеясы және Ұлы дала елінің мұраты» атты тарихи танымдық шара өтті. Қаратөбе ауданы сиез өткен тарихи орынға арнайы белгі орнатқан екен. «Бұл жерде 1918 жылы 18 ақпанда Қаратөбе сьезі деген атпен белгілі Орал қазақтарының үшінші сьезі өткен. Осы оқиғаның 95 жылдығына орай 2013 жылы орнатылды.» деп жазылған ескерткіш тастың бедерінде. 
Шараның алғы сөзін аудан әкімі Асхат Шахаров сөйледі. Әкім мырза өзінің сөзінде, Алаш зиялылары көтерген мемлекеттілік идеясының өзектілігі бүгінгі күні де, ертең де жоғалмайтынын айтты. Себебі, мемлекеттіліктің идеясы Тәуелсіздікпен бірдей бағалы. Шарада сөз сөйлегендердің қатарында экспедиция мүшесі, тарихшы ғалым Есқайрат Қайдаров, журналист Ертай Бимұханов, алаш қайраткері Бекжан Жанқадамовтың ұрпағы Мақсот Жанқадамов та бар. 
Шара келушілері «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік!» атты кітап көрмесі мен «Алаштың айнасы – Әлихан!» атты театрландырылған көріністі тамашалады.