18. 05. 2017 жыл
(үшінші күн)

Біздің экспедициялық топтың Астана қаласындағы белгілеген ірі нысаны – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі. Қазақстан Республикасының ұлттық музейі - Орталық Азиядағы баламасы жоқ бірігей жоба.
Біздің ҚР Ұлттық музейге баратын күніміз 18 – мамыр Музейлер күнімен дәлме – дәл келді. Бұл күні әдетте барлық ірі музейлерде «Музей түні» өтеді. Осындай «тарих жәрмеңкесінен» білдей Ұлттық музейдің сырт қалмайтыны, әрине белгілі жайт. Осыны ойладық та, елордадағы осы түнімізді музейде өткізетін болып келістік. 
Біз барғанда, музейдің ауызында кезекте тұрған халықтың қарасы өте көп екен. Бірі ауылдағы үлкен кісілерін алып келген, бірі жанұясын. Ал жастардың қатары тіпті көп. Бәрі ұзынсонар кезекте тұр. Үлкен дүкендер өз тауарларына 50% жеңілдік акциясын жасаса да, жұрт мұнша жиналмауы мүмкін. Ал, музейге жиналады екен. Елордалықтардың (оның ішінде біз секілді елорда қонақтары да бар әрине) музейге, тарихқа ықыласы жақсы екен деп түйдік осыдан. Бір жақсысы, біздерге ішке қарай өту анабір қиын болған жоқ.
«Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедицияның мүшелері екенімізді білген «Музей түнінің» ұйымдастырушылары бізді өздері алып жүрді. Жеке өзімді баспасөз қызметінің жетекшісі Жасиева Айгүл қарсылап алды. Фотоаппарат арқалап, сөмке асынып, артынып, тартынып жүрген мені жергілікті газеттердің бірінен деп ойлапты. Мен газеттен екенімді, бірақ жергілікті емес, анау Батыс Қазақстандағы бір аудандық газеттің тілшісі екенімді айттым.
Айгүл – біздің Ақжайық ауданының қызы екен. «Батыс Қазақстан» дегенді естіп қуанып кетті.
Ұлттық музейдің ішіндегі адам саны, сыртындағы адам санынан біразға көп. Ат шаптырым фойе, үш қабатқа ерсілі – қарсылы көтеріліп – түсіп тұрғын эскалатор, барлық залдың іші – толған адам. Солардың арасына біз де қойып кеттік. Үш қабаттағы залдың барлығына жуығын аралап шықтық. 
«Тарих залына» келдік. Іздегеніміз – Алашорда үкіметінің жұмысы мен қайраткерлеріне арналған бұрыш. Бар екен. Бары - 4 рама. Раманың арғы қабырғасында Алашорда үкіметінің қайраткерлері суреттерімен бірге берілген. Олардың арасында – Алашорда үкіметінің мүшесі, Батыс Алашорда үкіметінің төрағасы, қоғам қайраткері Жаһанша Досмұхамедов та бар.
Музейдегі әсері туралы экспедиция мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Есқайрат Хайдаров былай дейді:
- Ұлттық музейде қазақ халқының біртұтас тарихы көрініс тапқан. «Тарих залында» Алаш қозғалысына, Алашорда үкіметінің қызметі мен қайраткерлерінің өміріне қатысты деректердің де дәріптеліп тұрып берілгеніне куәміз. Әсіресе, Батыс Алашорданың жетекшілері Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовке қатысты мәліметтердің бары қуантады.
Бұл – рамадағы ақпараттың жан – жақтылығы. Алашорда мүшелерінің қоғамдық – саяси қызметіне қатысты фотосуреттер, заттай деректер – түсінген адам үшін тұнып тұрған мағлұмат. 
Алаш қозғалысы – қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысының заңды жалғасы әрі Тәуелсіздігіміздің тарихи бастауы. Енді бізге осыны насихаттау керек. Алаш рухымен өскен жастардың болашағы зор деп есептеймін.
Раманың астыңғы жағына Алашорда үкіметінің мүшелерінің тұтынған дүниелері қойылған. Музей келушілері бұл жерден Мағжан Жұмабаевтың портфелін, Әлімхан Ермековтың сағаты мен сызғышын, көпес О. П. Куюковтың жейдесін көре алады. 
Қатар орналасқан келесі рамада – Азамат соғысына қатысты жәдігерлер бар. 
«Тарих залының» қабырғасында 1937 жылы Ішкі істер халық комитетінің (Народный комитет внутренных дел) Алаш зиялыларынан жауап алу кезіндегі суреттері жинақталған тағы бір рама тұр. «АЛЖИР» лагерінің тұтқындарына тиесілі заттай жәдігердің де рамасы бар екен. Онымен де таныстық.
Сөйтіп түн ортасы болғанда ҚР Ұлттық музейінің есігін «жауып, кілттеп» түнгі Астананың әсем көшелерімен жалдамалы пәтерімізге қайттық.