(алтыншы күн)

Бүгін әдеттегідей ерте тұрдық. Өйткені, уақыт тығыз. Түске дейін әлі үш бірдей нысанға баруымыз керек. Жиналып сыртқа шыққан едік, үйдің алдында Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «ГАЗЕЛЬ» автокөлігі күтіп тұр екен. Мініп алдық та, кеттік. 
Біз барған бүгінгі бірінші нысан – «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» Абайдың мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайы. Бұл мұражай қаланың ішінде орналасқан. Түсінікті қылып айтқанда, Шығыс Қазақстандағы Алаш тарихына қатысты дербес мұражай – осы. Еліміз бойынша осындай мұражай Жымпиты мен Семейде ғана бар. 
Мұражай тұрған ғимарат – тарихи ғимарат. Неге дейсіз бе?
Неге екені біздің қолымызға тиген Абайдың мемлекеттік тарихи – мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайының «ABAI JOLI» атты екі айда бір жарық көретін газетінің наурыз – сәуір айлары үшін шығарылған санында былай деп жазылған:
«Жалпы бұл музей – үйдің лтымыз үшін өзіндік үлкен тарихи маңызы бар екеніне ерекше тоқтала кетуіміз керек. Хәкім Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабековке сатып алып берген. Және де өзі Семейге қонақтап келгенде осында арнайы түсетін болған. 
Азаматтық қарсыласу жылдары Әнияр Молдабековтың үйінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов отбасымен тұрған. Сонымен қатар осы үйде жазушы Мұхтар Әуезовтың да тұрғаны оның жеке анкеталық құжаттарынан белгілі болып отыр. 
Абай музейінің баспасөз қызметі 
«Алаш – Мұхтар мұражайы жаңғыруда», 
«ABAI JOLI» газеті, 2017 жыл.
Кіріп мұражаймен танысып шықтық. Қоры бай екен. Нақты қор туралы қазіргі күні дәл ақпарат алу қиын. Өйткені, жаңағы мұражай жуырда Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай құрылыс – жөндеу жұмыстарын көріп, залдар түгелдей экспозициялық жаңғырудан өтпекші. 
Келесі барған нысанымыз – Семейдің қалалық тарихи – өлкетану музейі. Музей 7 залдан тұрады екен. Қорында 112 мыңдай жәдігер бар. Музей көрмей жүрген жоқпыз. Семейдің қалалық музей экспозиция жағынан көркем екен. 
Семей қаласында күнінде мұғалімдер семинариясы жұмыс жасады. Бұл оқу орынын бір ғасыр ішінде 45 мыңнан астам маман бітіріп шыққан. Олардың арасында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Әзілхан Нұршайықов, Шәкен Айманов сияқты белгілі тұлғалар көп – ақ. Біз қайта біраз тұлғаны айтпай кеттік.
Осы мұғалімдер семинариясы болған ғимаратта бүгін М. Әуезов атындағы педогогикалық колледждің бір корпусы орналасқан. Біздің үшінші нысанымыз осы - М. Әуезов атындағы педогогикалық колледж болды. 
Колледжді директор Шағангүл Жанаева таныстырды. Колледж Алаш рухына барынша адал екен. Осы колледжде Манан Тұрғанбеков, Биахмет Сәрсенов, Қазы Нұрмұхамедов сияқты Алаш қайраткерлеріне арнайы дәрісханалар бар екен. Колледждің электронды кітапханасында мәлімет іздегендер үшін «Алаш» папкасы жұмыс жасайды. 
Экспедициялық жұмысымыздың сәтті нүктесін колледж студенттерінің Алашорда үкіметінің жұмысы мен қайраткерлерінің рухына арналған әдеби – сазды шарасы қойды. Шараға Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарованың өзі қатысты. 
Біз семейліктермен осы жерден қоштастық. Қазір Семей – Астана бағытындағы пойыз вагонындамыз. Таныстық, білістік. Пікір алмастық. Мәлімет толықтырдық. Ғалымдармен сұхбаттастық. Бастысы – ортақ жоспарларды құрдық. Сондықтан Жымпиты – Семей сапары сәтті болды деген ойда бара жатырмыз бәріміз. Аллаға шүкір! Айтпақшы, таңмен Астанадамыз!