Алланың қалауымен, Астананың арайлы таңына куә болдық. Біз бұл күні де ұйқыдан ертерек ояндық. Себеп бар. Біздер бүгін «АЛЖИР» саяси қуғын – сүргін және тоталитаризм мемориалдық мұражай кешеніне барамыз. Бару жоспарда жоқ еді, аяқастынан баратын болып шештік. Бұл - экспедицияның мүшесі, тарихшы Еркін Мырзаның ұсынысы еді. Ұсыныс жүзеге асты ендеше.
«АЛЖИР» саяси қуғын – сүргін және тоталитаризм мемориалдық мұражай кешені Астана қаласынан 30 шақырым жерде екен. Бару үшін Астана – Саралжын тас жолына түсесіз. Кешен – Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылдық округінде орналасқан. Кешеннің бұл жерде орналасуы тегін емес. Себебі, дәл осы жерде Кеңес үкіметінің қандықол саясаты кезінде «Халық жауы» атанған зиялы қауымның жұбайлары үшін азап пен қорлықтың барлық түрі қолданылды. ГУЛАГ – тың «азап аралы» дәл осы жерде болған. 
Тарихи деректерге сүйенсек, Лагерлердің мемлекеттік басқармасының (ГУЛАГ) лагерлері арқылы 18 мыңнан астам әйел этаппен өтті. «АЛЖИР» - де (Акмолинский лагерь жен изменников родины) бір мезгілде 62 ұлттың өкілінен 8 мыңға жуық әйел отырған.
Біздер кешеннің ауласына кіре бергенімізде қара жамылған қалың топты көрдік. Олар Түркістен ипархиясының 140 жылдығына орай Қазақстанға келген христиан дінінің шетелдік дінбасылары екен. 
Кешен ғимаратының алдында алып қақпа тұр. Бұл – қасірет қақпасы. Әрмен қарай «АЛЖИР» мұражай кешені орналасқан. Төменгі қабат – Алаш залы. Келесі қабатта – «АЛЖИР» - дің «тірі» көріністері. Бұл жерде лагерь қабырғалары, күнінде жазықсыз жандарды тар қапасқа тұншықтырып тұрған барактың есігі (түпнұсқа), тергеу бөлмесі, барактың көрінісі – бәрі – бәрі де тірі. Шынайы мүсіндер тіпті денеңді тітіркендіріп жібереді. Кешеннің ауласында – кәдімгі барак пен тұтқындарды тасыған вагон тұр. Екеуінің ішінде де – сол «тірі» көрініс. Бір қарағанда, «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешені азапты дәуірдің «қатып қалған» кадрлері секілді. 
«АЛЖИР» - бір әйелді де аяған жоқ. Бәрін бірдей азаптады. Бірісін қалдырмай шыжыған ыстықта да, қақақан суықта да, сақылдаған сары аязда да қара жұмысқа салды. Әйелдер быламықпен ғана ауқаттанды. Мұздай жерде жатты. «АЛЖИР» олардың көбін есінен адастырды. Бауыр еті балаларынан айырды. Осы қорлықтың бәрін елге қызмет етемін деген абзал азаматтардың жарлары көрді. Күйеулері – елін сүйгені үшін ғана. Күйеулері үшін олар азап көрді. Бір тебіренетінің сол, қандай азапты көрсе де бір әйел баласы өздерінің жар таңдауларына өкінбепті. «Осындай күйеуге неге тидім?» демепті. Иә, махаббатқа, адалдыққа «АЛЖИР» - дің өзі кедергі бола алмайтын болып тұр ғой. 
Біз айтатынды айтып болдық. Әрі қарай суреттер сөйлесін...