Кешегі аптада Сырым ауданының Мәдениет үйінде әнші, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Құрмет грамотасының» иегері, ҚР Еңбек ардагері Төлеген Есмұхановтың «Ән өлкем – Жымпиты!» атты шығармашылық кеші өтті.
Төлеген Есмұханов 1954 жылы Сырым ауданы, Алғабас ауылдық округіне қарасты бұрынғы Ақырап ауылында дүниеге келген. Ол күнінде облыс көлемінде бірден – бір халықтық атағы бар «Ақжайық» ән – би ансамблінің белді әншісі болды. Төлеген Есмұханов өзінің жеке шығармашылығын қалыптастырып қана қоймай, мәдениет саласының майталман маманы ретінде ауыл көркемөнерпаздарының танылуына үлкен ұйытқы болған адам. 
Әншінің шығармалық кешінде кезінде Төлеген Есмұхановтың ұйымдастыруымен Алғабас ауылындағы көркемөнерпаздардан құралған «Армандастар» вокалды – аспапты ансамблі толық құрамымен өнер көрсетті. Осы сияқты тыңдарман қауым әншінің өзінің орындауындағы әндерді тыңдап, кеш иесінің шәкірттері мен арнайы қонақтардың өнерін тамашалады. 
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов сөз сөйлеп, әнші, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Құрмет грамотасының» игері, ҚР Еңбек ардагері Төлеген Есмұхановқа Сырым ауданы әкімінің алғыс хатын тапсырып, иығына шапан жапты. Сөздер легі кештің құрметті қонақтарының лебізіне ұласты.