Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Орал және Семей қалаларындағы филиалдарының арасында «Азаттықты аңсаған Алашорда» атты Жымпиты мен Семейді байланыстырған өңірлік телекөпір өтті. Жымпиты ауылының өңірлік телекөпірдің Батыс Қазақстандағы студиясы ретінде таңдалуы тегін емес. Осы жерде 1918 – 1920 жылдары аралығында Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі жұмыс жасады.
Жымпитыда өткен өңірлік телекөпірге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, өлкетанушы Жайсаң Ақбай және Дәметкен Сүлейменова, Самат Құрманалин, Бақтылы Боранбаева, Альфия Байболсынова, Есқайрат Хайдаров сияқты тарихшы ғалымдар қатысты. Олар Семей қаласындағы әріптестерімен Алашорда үкіметінің жұмысы мен қайраткерлерінің ғұмырдеректері жөніндегі жаңа ізденіс жұмыстары туралы пікірлесті. 
Осы күні өңірлік телекөпір өзінің жұмысын аяқтағаннан кейін құрамында Сырым ауданының зиялы қауымы және Батыс Қазақстан өңірінің тархшы ғалымдары бар топ «Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедицияға аттанды. Олар Ақтөбе, Астана және Семей қалаларында болып, танымдық жұмыстар жүргізеді.