Өткен аптада Сырым ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Абат Шыныбековтың төрағалық етуімен жиналыс өтті. Жиналыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе – ҚР Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар!» атты мақаласынан туындаған міндеттерді нақты жүзеге асыру.
- ҚР Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар!» атты мақаласы жергілікті билікке мемлекеттің әлеуметтік – экомикалық даму динамикасына елдің рухани жетілуін қоса ілестіру туралы тапсырма жүктейді. Мақаланы талқылай бергеннен шаруа бітпейді. Нақты іске кірісу керек! – деді аудан басшысы күн тәртібіндегі мәселе туралы. 
Мақаладан туындаған міндеттер туралы Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Исанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов хабарлама жасады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков ауылдық округ әкімдерін жоспарлары бойынша жеке – жеке тыңдады. Аудан басшысының олай етуіне толық негіз бар. Себебі, мақалада көрсетілген көп міндеттерді елдің игілігіне жарату – округ әкімдерінің іскерлігіне тікелей байланысты болып отыр. 
Ауыл үшін Елбасы Н. Назарбаев ұсынған «Туған жер» бағдарламасының өте тиімді болатын түрі бар. Бұл бағдарлама өзінің туған жері үшін әркімді жанашыр болуға шақырады. Ауылдың абаттануына, жаңаруына үлесін салуды, елдегі қайырымдылық шараларына атсалысуды аудандағы азаматтар жағы осы кезге дейін де өз міндетім деп біліп келді. Сырым ауданы осындай бастамаларды «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында біріктіріп, жұмыстарды жүйеге түсірген еді. Жүйелі жұмыстардың «тірі» мысалдары Сырым ауданындағы әрбір ауылдық округте бар. Жұмыстар әлі жалғасады.
«Менің кіші Отаным!» - Сырым ауданы әкімдігінің тікелей ықпалымен екі мәрте ұйымдастырылған тарихи – танымдық экспедицияны аты. Экспедиция Сырым өңіріне қатысы бар тарихи орындарды тану мен жер – су атауларын түгендеу сияқты мақсатты орындауға мықты ұйытқы болды. Кейін бұл экспедицияның жұмысы туралы арнайы кітап та басылып шықты. Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың ұсынысымен, «Менің кіші Отаным!» экспедициясының танымдық материалы енді аудан мектептеріндегі факультативтік сабақтарға негіз болады. Аудан әкімі білім беру ұйымдарына қоса, үкіметтік емес ұйымдарға әскери – патриоттық шараларды мазмұнды әрі ауқымды ұйымдастыруды да тапсырып отыр. 
Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар!» атты мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру арнайы іс – шаралар жоспары арқылы орындалатын болады.