(жетінші күн)

Бұл жазбаны негізі кеше жазуым керек еді. Семейге сапарымыз сәтімен аяқталғасын, бойымды кішкене жайбарақаттық басты ма әлде кешегі күн ауыр болды ма, әйтеуір кеше күні бойы жазуға отыра алмадым. Оның үстіне тербетілген вагон ұйықтап қала беруіме керім болды. Содан, жетінші күннің жазбасын сегізінші күні жазып отырған жайдамын. 
Кешегі күн расыменен ауыр болғаны рас. Астана уақытымен таңғы сағат 05:00 – де Семей – Астана пойызы Астана вокзалына келіп тоқтады. Біздер осы вокзалдағы қонақ үйге тұрақтадық. Тұрақтадық та, таңғы асқа дейін сәл тынығып алуды жөн көрдік.
Біз Астана қаласына тегін аялдаған жоқпыз. Осы күні «Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедициясының мүшелері Астана қаласындағы мемлекет тарихы институтының ғалымдарымен кездесті. Кездесу ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ғимаратындағы жаңағы институттың корпусында өтті. Министрлік ғимараты деген өзі бір пәле ғимарат екен. Бас – басымызды құжаттап тұрып тексеруі былай тұрсын, менің ұялы телефонымды, тіпті фотоаппаратымды босағадан өткізбей, алып қалды. Бәрінен бұрын ұялы телефоныма обал болды. Керісінше, телефоннан айырылып маған обал болды. Тілші адам үшін ұялы телефоннан ажырау – қолың кесілгенмен бірдей. Себебі, ұялы телефон – фотоаппарат, диктофон, блокнот және ең бастысы жылдамдығы жақсы интернетің болса керемет «энцклопедия» да. Министрліктің «азабы» мұнымен біткен жоқ. Фотоаппарат фотоаппарат па, телефон телефон ба, жанымыздағы экспедицияның мүшесі Азат Беріковтің өзі де жасы 18 – толмауы себепті ішке кіре алмайтын болды. Бұлай болмайды. Жолдарын қарастырдық. Азатты институттың мамандары рұқсатпен кіргізетін болды. Арнайы рұқсат қағазы алынып, телефоным мен фотоаппаратымды ішке кірді әйтеуір. 
Бізді әуелі Мемлекет тарихы институтының директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев қабылдады. Амангелді мырза респубика көлеміндегі осындай ірі экспедицияны ұйымдастырып отырған Сырым ауданының жергілікті басшылығы мен аудан әкімі Абат Шыныбековке алғыс білдірді. 
Мемлекет тарихы инстутының құрылғанына осы мамырда 9 жыл толады екен. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған институт негізінен қазіргі заман тарихын зерттеп – зерделеумен айналысады. Бізді қабылдаған Амангелді Қашқымбаевтың өзі ХІХ – ХХ ғасырлардағы қазақ – ресей қатынастарын зерттеп жүр екен. 
Институттың штатында 50 – ге жуық адам бар. Корпуста институттың жеке кітапханасы орналасқан. Қорында – 10 мың кітап бар. Институт ғалымдарының еңбектерінің әуелгі нұсқасы осы жердегі шағын баспада басылады екен. Ол баспаны да көрдік. 
Бұл жерден көргеніміз жалғыз баспа мен кітапхана емес. Осы институттың кадр бөлімінде Нұрикамал деген апамыз бар екен. Нұрикамал дегенді естігенде Жұбаныш Жексенұлы орындайтын ән есіңізге түсіп кетті ме? Есімді естігенде бізде бірден сол әнді еске түсірдік. Ол тегіннен емес екен. Бұл апамыз сол әннің кейіпкері – Нұрикамал Сейітжанова екен. Кездесу деп осыны айт.
«Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедициясының мүшелерінің Астана қаласындағы мемлекет тарихы институтының ғалымдарымен кездесуіне институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы, прфоессор, біз бен сізге белгілі Бүркіт Аяған төрағалық етті. Тарихшылар әуелі бізді тыңдады. Экспедиция жұмысы туралы С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева айтып өтті. Алашорда үкіметінің қызметі мен қайраткерлерін насихаттаудағы Сырым ауданының елден ілгері еңбегіне Бүркітбай Аяғанның өзі разылық танытып отыр. Жымпитыдағы Алаш арыстарына арналған саябақ, мұражай, Шығыс пен Батысты байланыстырған телекөпірлер, онлайн жүздесулер, енді мына экспедиция – бәрі де алақандай бір ауданның жасап жатқан шаруасы. Мемлекет тарихы институты біздің осы жұмыстарымызды біліп отыр екен. 
Сонымен тарихшы – ғалымдар не дейді? Олар Алашорда үкіметінің қызметі мен қайраткерлерінің есімін насихаттау үшін аймақтық, республикалық деңгей тар, бұл жұмыстарды халықаралық деңгейге шығару керек деп есептейді. Әрі Алашорда туралы ғылым жұмыстар әлем тілдерінде жазылуы керек. Осындай ұсынысты институттың бөлім бастығы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев айтты. Экспедиция мүшесі Еркін Мырза Алаш тарихын мектептердегі факультативтік курстарға тақырып қылып беруді ұсынды. 
Жалпы кездесудегі пікірлердің көбі аудиожазбаға түсірілді.
Кездесуден шыққаннан кейін жерлесіміз, жосалылық Рауан Үсеновтің қонақасына бардық. Рауан Үсенов 1998 жылдан бері Астана қаласында тұрады. «НАЗИ» деген құрылыс компаниясы бар. Ағамыз мықты құрылысшы ғана емес, мықты меценат та. Осымен нешінші жыл ауылының біраз баласы жазғы демалыс кезінде Астана қаласында тегін дем алады. Рауан ағам биыл да «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне ауыл балаларының келуін өз мойынына алып отыр. Осы жерде Рауан мырза мен оның әріптесі Болатқа экспедиция жұмысына деген жәрдемі үшін де үлкен алғыс айтамыз. 
 Түстен кейін біздер үшін Астананың көркіне тамсанып, серуендеуге уақыт табылды. Негізгі жұмыс бітті. Біз серуендемегенде кім серуендейді. 
Өзім үшін түстен кейін жауапты кездесу болды. Кіммен? Бекболат Тілеуханмен. Иә белгілі қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның жеке қабылдауында болдым. Алаш рухын жаңғыртқан экспедиция туралы ол кісі де жақсы пікірде. Кейінгі әңгімені қазақтың қайғысы, азаматтық рух туралы айттық.
Осымен... Не осымен? Құттықтай берсеңіздер болады, осымен «Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедициясы өзінің сәтті мәресіне жақындады. Қазір Астана – Ақтөбе бағытында жолдамыз. Құдай қаласа, түн ортасы ауа Ақтөбеден түсеміз. Таң ата – Жымпиты! Сәтті сапар бер, Алла!

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, 
Экспедиция мүшесі