31 – мамыр саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күніне орай бүгін Жымпитыдағы Алаш саябағында қаралы жиын өтті. Қаралы жиынға қатысушы аудан басшылығы, аудан орталығының тұрғындары мен құрбандардың ұрпақтары әуелі Алашорда үкіметінің қайраткерлеріне арналған монумент пен саяси қуғын – сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтаға гүлдестелерін қойды.
Қаралы жиында Сырым аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шайдолла Жұмағалиев, «Алаш жолымен...» атты Жымпиты - Семей бағытындағы тарихи – танымдық экспедициясының мүшесі Бауыржан Ширмединұлы сөз сөйледі. Кейін аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығындағы «Дарын» ақындар үйірмесінің шәкірттері Аружан Иосифова мен Ақбота Ширмедин арнау өлеңдерін оқыды. 
Саяси қуғын – сүргіннен зардап шеккен бір ел болса – ол, Жымпиты. Аудандағы С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің мәліметінше, Сырым ауданы бойынша 200 – тарта адам қуғын - сүргіннің құрығына ілініп, тоталитаризмнің тепкісіне қалған. Бұл тізім әлі толығу үстінде. 
Биыл Сырым ауданында Алашорда үкіметінің құрылғанының 100 жылдығы мен осы үкіметтің көрнекті қайраткері, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толуын атап өтеді. Осы шаралардың аясында Жымпитыдағы Алаш мұражайы жөндеуден өтеді. Құр жөнделіп қана қоймай, қор толықтырылып, экспозиция жаңаланады деп күтілуде. Бұл да болса, ел үшін қуғын көрген боздақтардың рухына деген - бір құрмет.