Аудандық прокуратураның ашық есік күндері өтіп, оған аудандық мекеме, бөлім басшылары қатысты. Сырым ауданының прокурорының міндетін атқарушы Қанәбіл Төремұратов ашық есік күнінде прокуратура органдарымен жүзеге асырылып жатқан жобаларды түсіндірді. Қ.Төремұратовтың мәлімдеуінше, облыс көлемінде, соның ішінде, Сырым аудандық прокуратурасымен сегіз жоба жүзеге асырылуда. «Мал ұрлығына қарсы күрес Жол картасы» – ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлық қылмыстарын азайтуға бағытталған. «Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарға іс-қимыл Жол картасының» мақсаты аталған қылмыс түрлерін болдырмауға арналған. «Әлеуметтік шиеленіс ошақтары Картасының» мақсаты – қоғамдық-саяси жағдайды ушықтыруға қатер төндіретін мәселелерді де дер кезінде анықтап, оларға әсер ету болып табылады. Мысалы, қоғамдық көліктегі жолақы тарифін көтеру мәселесі, дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуы, облыс тұрғындарының теріс діни ағымдарға енбеуі, азаматтардың еңбекақы берешектерін өтеу, апатты деп танылған көпқабатты иұрғын үйлер мәселесі, үй алу үшін кезекте тұрған адамдардың мәселесі, жұмыс орнынан қысқартылған азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі, тұрғындардың сапалы медициналық қызмет көрсету бойынша наразылықтары, кәмелетке толмағандардың арасындағы суицид, тағы басқалар.
Елдегі қылмыстың басым көпшілігі ұрлық болғандықтан, оған қарсы «Ұрлыққа тосқауыл» жобасы жасақталып отыр. Тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жаңа технологияларды пайдалана отырып игеру, өңіріміздегі экологиялық мәселелерді шешу, оған қоғамды тарту жұмыстары «Табиғатты бірге аялайық» жобасы арқылы табиғатты қорғау прокуратурасымен, аудан прокуратураларымен жүзеге асырылатын болады. «Өзіңнен баста» жобасы құқыбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті насихаттайды. 
Сонымен қатар, «Таза қол», «Арыз» жобалары да жүзеге асырылуы қолға алынуда. 
Мекеме басшыларынан соң, Сырым ауданының прокурорының міндетін атқарушы Қ.Төремұратов Қ.Мырзалиев және Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп оқушыларымен жүздесті. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарға іс-қимыл Жол картасын», «Өзіңнен баста», «Таза қол» жобалары туралы айтты. Аудан прокуратурасының прокуроры Нұртас Дүйсембаев прокуратура органдарына қызметке орналасу бағытын, ережелерін түсіндірді.