«Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты Бұлдырты орта мектебіндегі соңғы қоңырау салтанатты шарасына аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Төлеген Төреғалиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов қатысты.
Жас түлектер 11 «а» және 11 «б» сынып оқушылары ұстаздары Гүлзада Көбешовамен, Жұмажан Иманғалиевамен, Аман Бекжанов, алғашқы ұстаздары Роза Галимовамен қол ұстасып шықты. 
Республикалық «Танцы без границ» байқауының жүлдегерлері «Керім-ай» би тобы «Мереке» биімен шашу шашты. Мектепті үздік оқыған оқушылар Райымбек Анатолий, Айшолпан Қадырова, Ернияз Бахытов, Мадина Салменовалар мемлекеттік туды көтеріп, әнұран ойналды. 
Бұлдырты орта мектебінің директоры Алмагүл Бисалиева оқу жылының қорытындысы бойынша баяндама жасады. Биылғы оқу жылын барлығы 410 оқушы аяқтаса, олрадың 99-ы оқушы үздік оқушылар, 133-і оқу екпіндісі. Білім сапасының көрсеткіші 56 пайызды құрайды. Биылғы түлектердің ішінен 5 «Алтын белгіге», 1 ерекше үлгідегі аттестатқа үміткерлер шығып отыр. 
 Мектеп бітіруші түлектерді аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы, Бұлдырты орта мектебінің 40 жылдық түлегі, Төлеген Төреғалиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов құттықтап, аудандағы, облыстағы жетістіктерімізді атап өтті. Салтанатты жиынға шақырылған ардагер ұстаздар да жас түлектерге ақ жол тіледі. 
Салтанатты шараға мектеп бітіргендеріне 20, 25, 40 жыл болған түлектер де қатысты. Бұлдырты орта мектебін осыдан 40 жыл бұрын бітірген түлектер мектеп ауласына шырша ағашын отырғызса, 25 жылдық түлектер музыкалық аппарат сыйға тартты. Ал, 20 жылдық түлектер көп балалы отбасының балаларына, аналарына сый-сияпат көрсетті. 
Оқу жылын үздік бітірген оқушыларға мақтау қағаздары табысталып, үздіктер шеруі салтанат құрды. Мектеп бітіруші түлектер ән айтып, қоштасу вальсін билеп, шар ұшырды. 
Соңғы қоңырау соғу рәсімі «Алтын белгі» иегерлері Әли Кішібеков, Гүлназ Бахытова, Мадина Баянғалиева, Гүлназ Қазақстанова, Фатима Хайржановаға ұсынылды.