Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт – бағдар бере білу ерекше іс. Осы орайда Сырым ауданында талабы зор балаларды марапаттау үшін аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен арнайы «Жас дарын – 2017» үздіктер шеруі өткізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп фойесінде балалардың шығармашылығымен, роботтармен танысты. Биылғы шеруде «Үздік мектеп» жылжымалы кубогі үздік оқушаларды көп дайындаған Қособа орта мектебіне бұйырды.
Үздіктер шеруі биыл төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Аталмыш шарада бір жыл көлемінде Сырым ауданының атын облыстық, республикалық, халықаралық, әлемдік додаларда білім, тәрбие, өнер, спорт, туризм бағыттары бойынша асқақтатып жүрген 200-ге жуық үздік оқушыны марапаттады.