Кімге болсын өзінің туған жері, балғын балалық шағының қызықты күндері өткен ауылы қымбат. Туған жер - кішкентай үйіңнің табалдырығынан бастау алып, содан шексіз қияға өрлей береді... 
 Асыл мекендерін жүректерінің түкпірінде сақтап, ауылдың көркею жолында үлес қосуды мақсат тұтқан, аудан орталығынан бір қиырда орын тепкен Қособа ауылының азаматтарының қатысуымен ауыл әкімі Жұмабай Аспендиярұлының бастамасымен «Мен Қособалықпын» атты жерлестер форумы өтті. 
Жиылғандар алдымен дөңгелек үстелде бас қосып, ауылдың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, одан соң алдағы жоспарларымен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. 
Содан соң Нөкен Молдашевтың кеудетұғырының жанына ұрпақтарының бастамасымен көшеттерді отырғызды. Форум барысында Қособалық көркемөнерпаздардың қатысуымен концерттік шара ұйымдастырылды. Соңында волейболдан жолдастық кездесу өтті.