Бүгін ауданымыздағы білім ордаларында соғылған соңғы қоңырау үні тағы да бір оқу жылының аяқталғанынан хабар берді. ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты оқу жылының қорытынды салтанатты шарасы өтті. Салтанатты шараға БҚО білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева, Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Замзагүл Ерғазиева қатысты. 
Биыл біздің ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте 847 оқушы білім алса, оның ішінде 45 түлек үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында «Алтын белгіге» 6 оқушы үміткер. Мектепті бітіруші 45 түлек білім шаңырағының мақтаныштары. Білім ордасы қабырғасында олар білім нәрімен сусындап қана қоймай, республикалық, халықаралық түрлі байқаулар мен сайыстардың жеңімпаздары атана білді. Мектеп директоры Марат Ақбасов тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан түлектердің үлкен өмірдегі қадамдарына сәттілік тілеп, үздіктерді марапаттады. Салтанатты сәттен соң әсем әуенмен тербелген оқушылар, күміс қоңырау сыңғырына куә болды.