Елге деген махаббаттың ешқандай да шеңберге сыймайтыны рас. Ешкім елді сүюге оқытпайды, оны үйретпейді. Махаббатты ояту ғана керек. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талай адамның еліне деген махаббатын оятқан болар. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын» - деген елдің бірінші адамының сөзін көпшілік қатты қолдады.
Ал, жұрт қолдап қана жатқанда, жақсылық атаулыға жалау болып жүретін қособалықтар «Туған жер» бағдарламасы арқылы алғашқы істі атқарып та үлгерді. Бүгін 1 – маусым Халықаралық балаларды қорғау күні Қособа ауылында Қособа орта мектебінің 1992 жылғы түлектерінің өз күштерімен салынған жаңа ойын алаңы ашылды. Алаңды салтанатты ашу құрметін түлектер қадірлі ұстаздары Серікбай Жүкеев пен Айгүл Құсайыноваға ұсынды. 
Ойын алаңында балалардың демалыс уақытын алаңсыз өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Әткеншек керек пе, сырғанақ керек пе, ойыншық үй ме – бәрі де осы алаңда тұр. Жас спортшылар үшін керменің түр – түрі бар. Бұлардың барлығын ауыл мектебінің 1992 жылғы түлектері өз қолдарымен жасаған. Әрине, қаржыны да өздері шығарған. Қолдан жасамай - ақ, бұл ойыншықтарды дүкеннен дайын күйінде сатып алуға да болар елі. Біріншіден бағасы қымбат, ең тиімсіз жері - сапасы нашар болып тұр. Өзіңе болса бірсәрі, игілігі ел үшін болғасын – қай дүниенің де сапалы, мықты болғаны жақсы. «75 - тер» әуелі осыны ойлапты. 
Алаңның салтанатты ашылуы шарасында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев, жаңағы түлектердің бірі, аудандық мәслихаттың депутаты Жеңіс Шапешов сөз сөйледі.
- Біздің басты мақсатымыз – атақ шығару емес. Біздің бар болғаны, туған ауылымыздың көркеюіне сәл де болса үлес қосқымыз келді. Ауыл азаматтары осындай жақсылықты әрі қарай жалғастырып кетсе, қуанышты болар едік. – деді осы кезекте сөз алған идеяның авторы, Қособа орта мектебінің 1992 жылғы түлегі Руслан Өмірғалиев.
Осы күні Қособа орта мектебінің 1992 жылғы түлектерінің балалары 1 – маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік концерт берді. Түскі уақытта «75 - тер» ауыл балалары үшін тәтті дастархан жайды. 
Қособалықтар «Туған жер» бағдарламасына осылай белсенді үн қосып жатыр. Кешегі айда ғана осы ауылдағы мектептің 1997 жылғы түлектері ауылдағы алаңға саябақ орындықтарын орнатып берген болатын.