1 маусым-Балаларды қорғау күніне орай Сырым елінде бірқатар мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Сырымда алғаш рет елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудан орталығында балалардың қатысуымен музыкалық оркестрі мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Барлығы шеруге 90-нан астам оқушы қатысып, барабаншылар, үрмелі аспаптар оркестры мен ансамблі, хор және би ұжымдары орталық алаңмен жүріп өтті. Аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов балаларды мерекемен құттықтады. Мерекелік шара барысында аудандық «Саз мектебі», «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы» оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Түрлі ойындар ұйымдастырылып, қатысқан балаларға сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде балаларға арналып мультфильм көрсетілді. «Алаш орда» саябағында асфальтқа сурет салудан жарыс өтті. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қазақтың ұлттық ойындары асық ату және ләңгі тебуден, ал мәдениет үйінің фойесінде «Қайсар» спортклубы дойбы ойынынан жарыстар ұйымдастырылды.