Сырым жұртшылығы мемлекеттік рәміздер күні мерекесін орталық алаңда салтанатты түрде атап өтті. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков жиналғандарды рәміздерді ұлықтауды мұрат тұтқан мерекемен құттықтап, мейрам мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен ізетті арттырып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтінін айтты. Аудан әкімі Абат Шыныбеков бұл күні Ж.Бейбіт, Д.Хамидуллин, А.Әлмұратова, Ә.Ұлықпанова, А.Кубиеваларға жеке куәліктерін және велошеруге белсене қатысқан бір топ азаматтарға алғыс хат пен естелік сыйлықтарды салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты жиын өтіп, кейін Сырымдық көркемөнерпаздар сахна төрінде ән әуелетіп, күй шалқытып, үлгілі «Жауқазын» би ансамблі патриоттық әндерге флешмоб биледі. Осынау мереке ауданымызда кең көлемде аталып өтіп, оған барша тұрғындар белсене араласты. Бұл сөзсіз тыныштық пен келісімнің киелі бесігі бола білген қазақ жерінің дархандығын көрсетсе керек.