Үстіміздегі жылдың 3-4 маусым аралығында Орал қаласында Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтың 115 жылдығына арналған «Күй дәстүрінің шежіресі Қали Жантілеуов» атты І республикалық балалар, жасөспірімдер және ересектер шығармашылық конкурс-фестиваліне аудандық саз мектебінің тәлімгерлері мен оқушылары қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 
Мәселен, жүлдеге ие болғандардың арасында ҚР Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Алаш ұстазы» медалімен саз мектебінің директоры Серік Сарғозиев, дәстүрлі ән сыныбының мұғалімі Дархан Қажығалиев, фортепиано сыныбының мұғалімі Әсел Бисенғалиева марапатталса, «Үздік тәлімгер» дипломына Айгүл Сапаралиева ие болды. 
Сондай-ақ, негізгі шығармаларды үздік орындай білген саз мектебінің оқушылары Амандық Әділхан, Жолдығали Дәрмен, Мералы Мұхит басты аталымға сәйкесті 1 орынға ие болса, Зинеддин Дияс, Жолдығали Бернар, Мұратова Айым ІІ орынды бөлісті.
Ал, Ә.Бисенғалиева мен А.Сапаралиева жетекшілік ететін ансамбль тобы алдағы айлардың ішінде Алматы қаласында өткізілгелі отырған байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып, тегін жолдамаға ие болды.