Сырым ауданында аудан әкімдігінің ашық есігі күндері басталды. Бүгін түске дейін Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков әріптестерімен бірге Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Тоғанас, Аңқаты, Құспанкөл және Қарағанды елді мекендерінде тұрғындар үшін кездесу өткізді. Округтің әл – ахуалы жайлы хабарламаны округ әкімі Тимур Айтқалиев айтты.
Бұл округтің әкімнің алдына көтеретін негізгі мәселесі – көгілдір отын. Бірақ қазір әңгіме ауаны өзгерген. Бұрындары айтылатын «Газ қайда? Қашан келеді ол?» деген әңгіме қалды бүгін. Оның орынын «Газ болса, келіп қалды? Ақшасын қашан төлейміз? Қай ауылды бірінші қосады?» деген сауалдар алмастырған. Бұл да – бір жақсылық. 
Биыл Шолақаңқаты ауылдық округі бойынша 4 бірдей елді мекен көгілдір отынға қосылады. Аудан әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, бұл елді мекендерге жоғары қысымды газ құбыры шілде айының басымен жеткізіледі. Ішкі жұмыстарды жүргізуді мердігер «ЭкодашиГАЗиК» серіктестігі өз мойынына алған. Бұл серіктестік біздің ауданға өз жұмысына жауапты мердігер ретінде танымал. Серіктестік осы жолы да халық қаражатын берсе, ішкі жұмысқа кірісемін де кетемін деп, «алақанына түкіріп отыр». Серіктестің директоры Қазыбек Хайдаров тұрғындарды тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу үшін тиісті төлемдерін ендігі төлеп, елге ортақ жұмысқа атсалысуға шақырады. Халық қолдаса, ол барынша ыждағатты жұмыс жасауға дайын. 
Кездесулерде жергілікті тұрғындар негізінен жергілікті маңызы бар мәселелерді көтеруде. Мәселен, аңқатылықтар табиғат ресурсы мен санитарлық тазалық мәселесіне үлкен алаңдаушылықтарын білдіріп жатыр. Ауылдағы құдықты да жөндеген жөн. Қанша дегенмен, құдық керек қой не жағдайда да. Құспанкөлдіктер ауылға техникалық су керектігін айтты. Техникалық судың арғы жағында бақша шаруашылығы «шолақаңқатылықтар» үшін ыңғайлы бір кәсіптің шеті шығып тұр. Су дегеннен шығады, округ орталығындағы тұрғындар ауыз судың сапасы төмен деп шағымдануда. Бұл шағымды кездесу біткесін, бізге келіп жолыққан ауыл тұрғындарының өз ауызынан естідік. Олардың айтуынша, күнделікті тұтынатын ауыз судан бөгде дәм сезіле бастағалы біраз болған. Тоғанастық жұрт осы мәселе тиісті лауазымды тұлғалардан жауап күтеді. Тоғанас ауылындағы «емі жоқ» бір аурудың бірі – жарықтың жиі сөнуі. Осымен, ауылдағы М. Маметова, Қ. Мұңайтпасов атындағы көше мен 8 – наурыз көшесінде жарық екі күннің бірінде сөніп тұр. Соңғы мәселені өзі тыңдаған аудан әкімі Абат Шыныбеков жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмаларды берді. 
Қарағанды елді мекені – аядай ауылдардың бірі. Халықтың дені – мал шаруашылығы. Шаруалар ауылдың жанындағы Есенаңқаты өзенінен өткел салуды ұсыныс етіп айтты. ел айтқасын, өзенді әкімнің өзі барып көрді.
Жаңалығы сол, өткел салынады. 
Шолақаңқаты ауылдық округінде бірер айдан кейін «3G» жылдамдықтағы мобильді байланысқа қосылады. Бұл туралы округ әкімі Тимур Айтқалиевтің өзі айтты. Айтылған сөздің іске айналатынына еш күмән білдірмедік. 
Аудан әкімі Абат Шыныбеков осы күні Сегізүй ауылында болды. Ол жерде балық шаруасына кіріскен шаруалармен кездесті.