Кейінгі кездері аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылының мәдени өміріне өң кіре бастады деп айтып жүрміз. Сөзіміздің дәлеліндей, бүгін ауыл кітапханасына «Модельді кітапхана» мәртебесі берілді. Салтанатты шараға Сырым ауданының әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Оразаева және облыс орталығы мен көршілес аудандардан келген кітапханашылар қатысты. Осы шарада «Модельді кітапхана» сертификаты Өлеңті ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ұлғаным Хасановаға салтанатты түрде тапсырылды.
Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнұр Уәлиахметованың айтуынша, бүгінгі күні кітапханалар үшін ақпараттық жаңаруға ілесу және кітапхананың жаңа келбетін қалыптастыру басты мақсат болып отыр. Әсіресе ауыл кітапханалары оқырман үшін қолжетімді ақпараттың көзі болуы керек. Ауылдық кітапханаларды модернизациялауда негізгі көңіл осыған бөлінуде. Қазіргі күні ел аумағында электронды кітап қорлары жұмыс жасай бастады. Ауыл оқырмандарының енді сол қорлардың қолданушысы болуға толық мүмкіндігі бар. Модельді кітапхана ол үшін барлық ақпараттық құрылғымен жабдықталған.
Өлеңті ауылдық кітапханасында 780 оқырман бар. Кітапхананың кітап қоры - 10 мыңды құрайды. Бұл кітапхана өзінің модельді кітапхана ретіндегі алғашқы оқырмандарын бүгін қабылдады. Жергілікті оқырмандарға Жаңақала ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандары онлайн режимінде құттықтау лебізін білдірді. Кітапхана келушілері не «Туған жерім – қасиетті мекенім!» атты кітап көрмесі таныстырылды. Ауыл тұрғындары Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай өткен «Алаш арыстары – ел жадында!» атты әдеби сазды шараны тамашалады. Осы шарада белсенді оқырмандар марапатталды. Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының өкілі Айман Ниязова жас оқырмандарға сыйлық табыс етті. 
Түстен кейін Сарой ауылдық округінің орталығындағы Шағырлой ауылдық кітапханасы да модельді режимге салтанатты түрде ауысты. Айта кетейік, ауданымыздағы Алғабас, Аралтөбе және Бұлдырты ауылдық кітапханалары модельді кітапхана деген мәртебемен жұмыс жасап жатыр.