Аудан әкімі Абат Шыныбеков бір топ әріптестерімен бірге Қызылағаш және Аралтөбе ауылындағы аудан әкімдігінің ашық есік күніне қатысты. 

Аталмыш екі ауылдағы ашық есік күнінде Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Жанболат Мұхамбетжанов ауылдың хал-ахуалы жөнінде шолу жасады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан өмірінде атқарылып жатқан оңды өзгерістер, алдағы міндеттер жөнінде кеңінен тоқталды.

Ал, тұрғындар алдында мінбеге көтерілгендер Сырым аудандық орталық ауруханасының дәрігері А.Дүйсенғалиев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Қайырғалиев, аудандық электр торабының басшысы Ж.Молдашев, тағы басқаларының бүгінгі күннің өзекті мәселелері жөнінде айтқан толғамды ойлары көпшіліктің де көкейлерінде жүрген сауалдарының шешімін таба білді. 

Қызылағаштық зейнеткер қария Б.Қажыгереевтің ауыл тұрғындарының ұйымшылдық тірлігіне ризашылығын білдіргендігін айта кеткен жөн. Биылғы жылы аралтөбеліктер «Газ Строй» ЖШС іске қосқалы отырған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясындағы таза судың игілігін көргелі отыр. Аудан әкімі А.Шыныбеков аталмыш жұмыстың хал-ахуалымен танысып, оңды бағасын берді. 

Аралтөбеде өткен ашық есік күніндегі қозғалған басты мәселенің бірі – ол округ орталығында тұрғындардың мал қораларын салуға құлшыныс танытуларында еді. Бұл жөнінде ашына сөйлеген ауылдың мәрт, қамқоршы азаматы Мүтәлі Төрғалидың сөзі кімді болса да, ойландыра алатын.

– Әркімнің мал басын өсіріп, шаруасын дөңгелетулері құптарлық мәселе. Десек те, тұрғындардың мал ұстау үшін салынарлық қораны ауылдың шетінен емес, дәл ауыл ортасынан салуларының өзі адам баласының саулығына балтамен шапқандай әсер етіп, ұрпақтардың ертеңіне жүре қарағандықты көрсетеді. Шідерті өзенінің тазалығына мән берудің өзі соңғы кездері қожырап барады. Өзенге автокөлікті жуатындар, бөтелке, басқалай да қалдықтарды төге салатындар жиі бой көрсетуде. Мұның өзі жас ұрпақ адам баласы саулығына салғырттықпен қарағандық емес пе? - деді Мүтәлі Төреғали. 

Аудан әкімі көтеріліп отырған бұл мәселе жөнінде тиісті заңды тұлғалар тарапынан шұғыл жұмыстар жүргізу қолға алынатындығын айтып, ауыл, сала басшыларына тапсырмалар берді.