Сырым ауданында елді мекендердегі аудан әкімдігінің ашық есігі күндері жалғасуда. Кеше Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков Елтай ауылдық округінің орталығы Тасқұдық ауылындағы тұрғындармен кездесті. Кейін әріптестерімен бірге Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылы мен округ орталығында өткен жиналыстарға қатысты.

Тасқұдық ауылында өткен жиналыста әуелі Елтай ауылдық округінің әкімі Сәлімжан Қыдыралин баяндама жасады. Округтің даму қарқыны бірқалыпты. Негізгі мәселе, сол баяғы – жол. Бірақ, жылдың басқа мезгілдеріне қарағанда жазғы уақытта жол анабір қиындық тудырмайды. Жылдың басындағы есептік кездесуде тұрғындар ауылішілік жолды күтіп ұстауды жергілікті шаруаларға міндеттеу жайлы ұсыныс айтқан. Осындай ұсыныс жалғыз Тасқұдық емес, басқа ауылдарда да айтылды. Биылдан бастап бұл ұсыныс шешімін тапты. Ауылішілік жолды күтіп ұстау үшін ауылдық округ әкімдіктері жергілікті шаруалармен келісімшартқа тұрды.

Ауыл тұрғындары кешегі кездесуде аудандық аурухананың тарапынан бекітілген дәрігердің ауылға мүлдем келмейтінін айтып шағымданды. Медицина дегеннен шығады, қазіргі таңда медициналық әлеуметтік сақтандыру мәселесі жайлы түсіндіру жұмыстары өзінің соңғы кезеңінде жүріп жатыр. Сырым ауданы әкімдігінің ашық есігі күндеріндегі кездесулердің барлығында аудандық аурухананың арнайы өкілдері кеңірек түсінік беруде. Кешегі жиналыстарда бұл мәселе бойынша Сырым аудандық орталық ауруханасының директорының орынбасары Роза Тахамбетова сөйледі. 

Тасқұдықта да, Қазақстанда да, тіпті Талдыбұлақта да жұрттың сұрағаны – ауылдағы ұялы байланыстың сапасын арттыру, мүмкін болса жаңа станция орнату. Аудан әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, бұл мәселені шешу бүгінгі күні оңтайланды. Егер ауыл өз күшімен электр желісіне қосылған мұнара орната алатын болса, ұялы байланыс операторларының облыстағы өкілдері жаңа станцияны жұмысқа қосуға келісіп отыр. Ендігі жерде, мәселені шешудің осы жолы қолданылып көрмек. Осы мәселе Бұлан ауылдық округінде жергілікті кәсіпкерлердің тарапынан шешілуде. 

Округтердегі тағы бір мәселе – мектептердегі мұғалім тапшылығы. Ауылдар орыс тілі, математика және химия пәндерінің мұғалімдеріне кәдімгідей зәру болып отыр. Аудан әкімі округ әкімдеріне мәселе бойынша шұғыл жұмыстануды тапсырды.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков осы күні Тасқұдық ауылының сыртындағы бөгетті барып көрді, ал Қазақстан ауылындағы кездесуден кейін ескірген су мұнарасының жағдайымен танысты. 

Күннің соңғы кездесуі округ орталығы Талдыбұлақ ауылында өтті.