Аудан әкімінің ашық есік күндері сенбі күні Бұлдырты ауылдық округінде өтсе, бүгін Сарой ауылдық округінің орталығы Шағырлой ауылында және Көздіғара елді мекенінде өтті. Ауылдық округ әкімі Сағидоқас Бақтығалиев ауылдық округтің өткен бес айдағы тыныс-тіршілігін жайында хабарлады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданда Елбасының Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласына қатысты атқарылып жатқан іргелі істерді атап өтті. Соның ішінде 13 инвестициялық жобаның әрқайсысына тоқталды. 

Аудандық аурухана дәрігері А.Дүйсенғалиев міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жөнінде тұрғындарға кеңінен түсіндірді. Жұмыспен қамту орталығының басшысы С.Иманғалиев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы туралы түсінік берді. Ауылшаруашылық саласын дамыту, мал басын асылдандыру, агроөнеркәсіпті жандандыру мәселелерін аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев қамтыды.  

Көздіғара елді мекенінде салынып жатқан клуб, кооператив жұмысы, бұзылған спорт алаңын жөндеу мәселелері көтерілді. Аудан басшысының қаперіндегі бұл мәселелер ескерусіз қалмайтын болды. Ал, Саройда, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Нұрмұханов Астанаға халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне барып-келген әсерін әңгімелеп, тұрғындарды көрмеге баруға шақырды және ауылға су қоры жетіспейтіндігінен, судың ашып кеткендігінен тағы бір су ұңғымасын қазып беруді сұрады. Бұл мәселе біржақты шешіліп, Аққолқа нүктесінен қосымша тағы бір су ұңғымасы қазылатын болды. Ал, судың тұщылығы арнайы сараптамадан өткен.