Сырым ауданы әкімінің ашық есік күні Бұлдырты ауылдық округінде өтті. Аудан әкімі Абат Шыныбеков алдымен Көгеріс, Қарақұдық елді мекендерінде, кейін Бұлдырты ауылының тұрғындарымен жүздесті.  

Ауылдық округ әкімі Ерлан Мақашев бес айда атқарылған жұмыстармен таныстырды. Көгеріс елді мекенінде шағын несиемен 1 адам ниет білдіріп отыр. Екі мал ұрлығы тіркеліп, ашылмай отыр. Көгеріс негізгі мектебін 38 бала бітіріп отыр. Енді жаңа оқу жылына мектепті жаппай, сақтап қалуға жұмыстану керек. 
Ауыл тұрғындарының «Ақбұлақ келе ме екен?» деп сұрағына Абат Абайұлы: «Жайықгидрогеологияны» шақырамыз, жердің астында 20-25 жылға жетерліктей судың қоры болса, биыл жоба жасауға ұсыныс береміз немесе Кеңащы-Қоңыр-Тамды-Көгеріс бағыты бойынша сумен қамтамасыз ететін боламыз»,- деп жауап берді. 
Көгерістіктердің бөгетті бөгеу мәселесін ауылдық округ әкімі Ерлан Мақашев шешетін болды. Мұндағы клуб та биыл шілде-тамыз айларында теңгерімге алынып, ішкі жұмыстары аяқталған соң, пайдалануға берілмек. 
Тұрғындар ауыл ішінде салбырап, босап тұрған электр бағандарының сымдарын тарттыруды сұрады. Бұл мәселеге аудандық электр торабының бастығы Ж.Молдашев жауап берді. 
Бұлдыртыда таңбалау жұмыстары бойынша 360 жылқының 175-і ғана таңбаланыпты. Бруцеллез ауруы да екі есеге өсіп отыр екен. 13 адам шағын несие алып, кәсіппен шұғылдануды жөн санапты. 
Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев жылқы малын азотпен таңбалауды тездету қажеттегін айтса, жұмыспен қамту орталығының бас маманы С.Өмірзақов «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша қалай оқуға, несие алуға болатынын түсіндірді. Аудандық аурухана басшының орынбасары Р.Тахамбетова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы айтты. 
Жиынды түйіндеген аудан әкімі А.Шыныбеков ауданда 1 млрд 324 млн теңгенің 13 инвестициялық жобасы іске асырылып жатқанын айтты.
Олардың ішінде 6 елді мекенге газ тарту, Бұлдыртының су жүйесі, Бұлдыртыдан 10 тұрғын үй салу, аудан орталығына үй салу, Қособа, Шолаңқатыдағы көлдетіп суару жүйесі, Жымпитыда 1,8 км жол мен тротуары қоса салынуы, Сырым орта мектебінің күрделі жөндеуі, аудан орталығының Қарасу мөлтекауданы мен Бұлан ауылынан ашылатын спорт алаңы және басқалары бар.
Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Мұратбек Сәрсенғалиев бұлдыртылық Архат Саматовқа шекара қызметіндегі үлесі үшін алғыс бідіріп, аудан әкім Абат Шыныбеков Архатқа «Шекара қызметінің үздігі» ІІ дәрежелі ҰҚК төрағасының төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы бойынша мұнда ауылдық мешітке алыстан «мен мұндалап» тұратын әдемі мұнара қойылды. Аудан әкімі А.Шыныбеков Бұлдыртының мұнаралы мешітіне арнайы барып көрді, имаммен жүздесті.