Осыдан апта бұрын Сырым ауданынан Астана қаласына «ЕХРО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмені тамашалау үшін делегация аттанды деп хабарлаған болатынбыз. Құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар және мектеп оқушылары бар осы делегация сапарларын сәтті аяқтап, бүгін елге келді. Оларды Орал теміржол вокзалынан жерлестері салтанатты түрде қарсылады.

Делегация Астана қаласына 3 бірдей күнін арнаған. Осы уақыт ішінде олар үшін елорданың ірі мәдени орындарымен танысуға әрі қаланың көрікті жерлерін аралауға мол мүмкіндік болған. Қала қонақтарының негізгі назары «Астана ЕХРО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрме кешенінде екені белгілі. Кешенге бүгінгі күні Қазақстанның Ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және ұжымдық павильондар, сауда-көңіл көтеру объектілері орналасып үлгеріпті. Біздің делегацияға кешеннің сфера сұлбалы басты ғимаратында орналасқан – өзіміздің ұлттық павильон ерекше әсер етіпті. Қазақстан халықаралық көрмені қабылдайтыны белгілі болғаннан кейін, көрме кешенінің құрылысының сурет – сызбасы таныстырылғаны белгілі. 

- Суретке жан бітіпті. – дейді сырымдықтар кешенді көрген кездегі әсерлері туралы. 

Астана қаласындағы «ЕХРО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесімен танысуға мүмкіндік ұсынғаны үшін делегация мүшелері Сырым ауданы әкімдігіне шынайы алғыстарын білдіруде.