Аудан әкімі Абат Шыныбеков ашық есік күніне орай Жетікөл ауылдық округінде болып, Жетікөл елді мекенінің және Қосарал ауылының тұрғындармен кездесіп, көкейде жүрген келелі мәселелерді талқыға салды. 

Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин жыл басынан бергі әлеуметтік дамудағы көрсеткіштерді атап, хабарлама жасады. Округте Сырым Датұлының 275 жылдық тойына орай бірқатар оңды істер жүзеге асатыны тұрғындарды қуантты. Атап айтсақ, қос бірдей мектеп – Жетікөл негізгі мектебі мен Сырым орта мектебі күрделі жөндеуден өтуде. Аудан басшысы Абат Абайұлы бұл екі білім ошағына ат басын тіреп, құрылыс барысымен танысты. Аудан әкімі мердігерлерден Сырым орта мектебінің құрылысының қарқынын жеделдетуді талап етті. Сондай-ақ, ауылдық дәрігерік амбулаторияны, балабақшаны, саябаққа отырғызылған көшеттерді аралады. Қысқаша айтқанда, аудан басшысы ауылдың тойға дайындық барысын көрді. Бабаның торқалы тойына орай Қосарал ауылдық мәдениет үйінің ауласын қоршап, абаттандырып, ауылға көпірден кіретін 1,5 шақырым жолды жөндеп, көше жарықтарын молайту жұмыстары жүргізілу жоспарланып отыр.

Жетікөл елді мекеніндегі өткен кездесуде ауыл тұрғыны Ж.Зинуллин Бұлдырты өзеніндегі бөгеттің шүмегін жөндеуді сұрады, бұл мәселе де шешілетіндігімен қуантты. Округ орталығы Қосаралда Ж.Құрманғазиева Сырымның 275 жылдығына байланысты ауылға батырдың ескерткіші қойыла ма деген сауал тастады. Аудан басшысының айтуынша, биыл Қосаралда Сырымның ескерткіші орнатылмайды, алайда бұл туған ауылына мүлдем мүсіні қойылмайды деген сөз емес. Сырым Датұлының ескерткішін қою негізі бұрыннан жоспарда бар екен. 

Қосаралға «Ақбұлақты» әкелу үшін Боқай нүктесінен су қоры анықталып, биыл жобалық-сметалық құжаттары аяқталса, келесі жылы әр үйге су келетін болады. Сөйтіп, Жетікөл ауылдық округін мазалаған мәселелер біржола шешілмек.