Аудан әкімі Абат Шыныбеков ашық есік күнімен Жосалы ауылдық округінің Тамды, Қоңыр ауылдарында болды. Жиынға мәслихат хатшысы, Жосалы ауылдық округі бойынша аудандық мәслихат депутаты Шынар Дүйсенғалиева қатысты. Ауыл әкімі Қ.Ғабдешов бес айдың қорытындысымен таныстырды. Одан кейін сөз алған аудан әкімі үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында ауданның даму деңгейі жоғары болғанын айтты. 

– Аудандағы биылғы біздің үлкен жетістігіміз – газдандыру мен ауыз су. Алты елді мекенге газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатса, Аралтөбе, Қоңыр, Тамды ауылдарына «Ақбұлақ» келеді. Шағын елді мекендердің ішінде бірінші болып «Ақбұлаққа» қол жеткізетін – Тамды елді мекені,- деген аудан басшысы атқарылып жатқан оңды істердің бәрін атап шықты.

Тамдыда тұрғындар жиі сөніп қала беретін жарық мәселесін көтерді. Оған қатысты аудандық электр торабының бастығы Ж.Молдашев арнайы бригада жіберетін болды. А.Шыныбеков ауданға ауыстыруға берілетін 30 бағанаға қосымша бағана сұрап, облысқа хат жазатынын айтты. 

Сырым мемлекеттік коммуналдық кәсіорнының бастығы Р.Тасқалиев: «Биыл келетін «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Қоңырдың жерасты су қоры екі ауылға да 24 сағат бойы үзбей беріп тұруға жетеді, мұнарада 3 күнге жететін, су қоймасында 100 шаршы метр су болады», - деді. 
 
Тамдыда көше атауларының тақтайшасы ілінетін болды. 

Аудандық аурухана дәрігері А.Дүйсенғалиев жосалылықтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде түсінік беріп, тұрғындардың қойған сауалдарына жауап қатты. Ауыл тұрғындары жол, дәрігер мәселесін көтеріп, ұсыныстары ескерусіз қалмайтыны туралы аудан әкімінің жауабын естіді. Ардагер ұстаз А.Жүсіпов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне барып келгенін айтып, көрме жайында әсерлі әңгімеледі.

А.Шыныбеков Қоңыр ауылындағы су құбырын тарту жұмыстарымен, екінші су көтермесінің құрылысымен танысты, Р.Тасқалиев судың қалай жиналып, ауылға қалай келетіні туралы түсіндірді. Қыркүйектің 1-іне дейін ауылға су келеді екен. 

Сондай-ақ, аудан басшысы Қоңыр ауылындағы жөнделіп жатқан дәрігерлік амбулаторияны көрді. Бұл ауылда саябақ абаттандырылып, учаскелік полиция инспекторының бөлмесі де шешіледі.