Кеше Қадір түні қарсаңында аудандық орталық мешітте аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат аппараты ораза айында ауызын бекіткен жандарға ауызашар берді. Аудандық мекеме басшылары мен қызметкерлеріне арналып киіз үйде, мешіт жамағатына арнайы мешітте дастархан жайылды. Ауызашарда аудан әкімі А.Шыныбеков, аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева, ауылдың ақсақалдары болды. 

Ауызашардан соң, Қадір түнінде дұға жасауға ниет етіп келген жамағатқа мешіт лық толды. Аудандық мешіттің бас имамы Б.Сабыралиевке ұйыған жамағат құтпа, тарауық, үтір және таң намаздарын бірге оқып, ауыз бекітіп тарқасты. Жамағатқа ислам дініне, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға, Құран кәрімге қатысты сұрақтар қойылып, жауабын тапқандарға сыйлық берілді.