Аудан әкімдігінің ашық есік күні Жырақұдық және Қособа ауылдарында өтті. Аталмыш ауылдарда өткен жиында Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев өткен бес айлық ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен тоқталды. Ашық есік күніне қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай атқарылу үстіндегі жұмыстарға талдау жасады. Яғни, аудан әкімінің айтуынша, ауданда 1 млрд. 324 млн. теңгенің 13 жобасы көлемінде мемлекеттік бағдарламалар атқарылмақ. Ал, мұның ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту, кооперативтерді біріктіру, мал басын асылдандыру мен бордақылауды, кәсіпкерлікті дамыту сияқты басты-басты міндеттер бар. 

Аудан әкімі Абат Абайұлы сондай-ақ, Елбасы мақаласындағы айтылған үш бағдарламаға сәйкес тұрғындар тарапынан жұмыстану қажеттігін де айтты. Жиында аудандық аурухананың дәрігері А.Дүйсенғалиев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде тұрғындарға нақты дәлелдермен түсіндірсе, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Қайырғалиев жол, газ, ауыз су туралы түсініктерін берді. 

Жырақұдықтық зейнеткер Т.Тажғалиев Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне барған әсерін әңгімелеп, сапарды ұйымдастырған басшыларға алғысын айтты. 

Жиында қос ауылдың тұрғындарын мазалайтын түйінді мәселелер ауданаралық жол қатынасы, ауыз су жәйі болды. Бұл туралы жауапты тұлғалардың айтуынша, жолды жөндеу жұмысын аудандық коммуналдық кәсіпорны мекемесі өз міндетіне алса, ауылдағы электр ақауы зардабынан істен шыққан 2 су айдау насосын ауыстырудың түйіні таяу күндері шешілетін болады. Бүгінде ауыл халқы бір су айдау насосының күшімен ауыз суды уақытша пайдаланып, шыдамдылық танытуда. 

Қособа ауылына арнаған бұл сапарында аудан әкімі А.Шыныбеков Жырақұдық және Қособа орта мектебінің хал-ахуалымен танысып, жас балғындардың демалыс алаңында болды.