Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында экономика саласында 38 жыл бойы табан аудармай еңбек еткен экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Өтегенова Ханым Тасқалиқызын зейнеткерлікке шығарып салу рәсімі өтті. Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов Ханым Тасқалиқызына ұзақ жылдар бойғы ерен еңбегі мен төккен тері үшін алғыс айтып, облыс және аудан әкімдерінің алғыс хатын табыс етіп, иығына қамзол жауып, құрмет көрсетті. 

Х.Өтегеноваға 8 шілдеге Халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне жолдама берілді. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Муса Шалабаев, аудан есепшілері атынан аудандық білім беру бөлімінің есепшісі Үміт Қайырғалиева, балалар мен жасөсіпірімдердің шығармашылық орталығының есепшісі Гүлбарам Бақтығалиева, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов зейнеткерлік жасқа жеткен Ханым Тасқалиқызын құттықтады.

Х.Өтегенова мінберге шығып, әріптестеріне деген ықыласын, разылығын білдірді. 

Ханым Тасқалиқызына бұған дейін мемлекеттік қызметшілер күніне орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайластық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталған болатын.