Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңі мәресіне жетіп, жүлдегер отбасылар аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада марапатталды. 

Мәдениет үйінің фойесінде отбасылардың құндылықтарын насихаттайтын көрме ұйымдастырылды. Оған әулеттердің ұзақ жылдар бойы тұтынып келетін қастерлі бұйымдары, қолөнері бұйымдары мен дәмі қойылды. 
Байқауда бірінші орын алған Аралтөбе ауылдық округінен келген Мергеновтар отбасын аудан әкімінің міндетін атқарушы Асланбек Сарқұлов марапаттады. Екінші жүлдені еншілеген Бұлан ауылының Көлбаевтар отбасына сый-сияпатты аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева табыс етті. 

Үшінші орыннан көрінген өлеңтілік Құсайыновтар отбасы мен елтайлық Батиевтер отбасын ардагер Сыдық Тажмұхан марапаттады. 
Жосалылық Айдарбековтар, алғабастық Ғалымовтар, қособалық Жаймановтар, саройлық Мырзалиевтер, тоғанастық Маулетовтар алғыс хатқа ие болды. 

Марапаттау рәсімінен соң, аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары салтанатты шараны әнмен әрледі.