Бүгін Бұлдырты ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында «Ауылым – алтын бесігім» атты жерлестер форумы өтті. Форумның мақсаты – жерлес, ауылдас азаматтардың басын қосып, туған өлкесін гүлдендіру мен абаттандырудың жолдарын қарастырып, үлес қосуға шақыру. Бұл күн Бұлдырты ауылы үшін бір үлкен мереке болды. 

Алдымен саябақта жеке кәсіпкер, Бұлдырты ауылының тумасы Берік Сүлейменовтің демеушілігімн балалар алаңы ашылды. Алаңның салтанатты ашылу рәсімінде Берік Кенжебекұлы балабақшаның бүлдіршіндерімен бірге лента қиды. 

Қазақстан Республикасының еркін күрестен Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сәукелин шеберлік сыныбын өткізді. Дулат Самиев пен Артур Қазбенов еркін күреспен шұғылданатын балаларға спорттық киім-кешектер табыс етті. 

Шара саябақтағы сыртқы сахнада жалғасып, алғашқы құттықтау сөз аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваға берілді. Жеке кәсіпкер Берік Сүлейменов те ауылдастарын қуанышты күнмен құттықтап, «Айналайын» балабақшасына 20 литрлік акваруим сыйға тартты.

Бұлдырты орта мектебінде ұзақ жылдар ұстаздық етіп, бүгінде құрметті зейнет демалысындағы Ағиба Төлегенова, Гүлбақша Ерғалиевалар да «Жерлестер» форумының маңызын, ауылдың абаттандырылуына зор үлес қосатынын айтып, елім деп еміреніп, ет-жүрегі елжіреген ел ағаларына алғыстарын білдірді. Мектеп бітіргендеріне 15 жыл болған Бұлдырты орта мектебінің 2002 жылғы түлектері алтын ұя мектептеріне үстел теннисін тарту етті. 

Бұлдыртының балғын әнші-бишілері ауылға қуаныш сыйлаған ағаларына, ауылдастарына арнап концерт қойды. Ауыл әкімі Ерлан Мақашев игілікті істерімен көрінген азаматтарға алғыс білдірді. 

Одан кейін бұлдыртылықтар «Туған жер» бағдарламасы аясында мұнарасы орнатылған ауылдық мешітке келді. Мешітке мұнара қою үшін, Бұлдырты ауылының әр салада қызмет етіп жүрген және ауыл азаматтарының күшімен 700 000 теңге қаржы жиналған болатын. Ауылға көгілдір отын тартқан мердігер мешітке тегін газ кіргізіп берсе, «Дәден ата» қорының төрағасы Ғарифолла Жамбозов үш кілем сыйлапты. Мешітте Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы ата-баба рухына арнап, құран бағыштады. 

Форум Бұлдырты орта мектебіндегі дөңгелек үстелмен сабақтасты. Дөңгелек үстелді ауыл әкімі Ерлан Мақашев ашты. Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева форум ел іргесінің сөгілмеуіне, рухты көтеруге, кейінгі ұрпаққа өшпестей із қалдыратын сауапты іске бастайтын игілікті шара екенін атады. Ауылдың көркеюі үшін әлі де үлес қосам дегендерге балалар алаңын кеңейту, субұрқақ орнату, саябақты абаттандыру, сыртқы сахны үлкейту сынды жұмыстардың кезек күтіп тұрғанын айтты. 

Е.Мақашев Бұлдырты ауылдық округі бойынша атқарылған және алда тұрған міндеттерді толығымен баяндап берді. «Туған жерім – Бұлдырты» атты қор ашылып, мұндағы қаржы ауыл игілігі үшін пайдаланылатынын жеткізді. Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Еркін Мырза «Туған жерім – Бұлдырты» қорының жұмысы туралы мәлімдеп, ауылдың атқа мінер азаматтарын, Бұлдыртыдан түлеген ел ағаларын қорға үлес қосуға шақырды. 

Сырым аудандық мешітінің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы туған елдің ыстық болатыны, ерді елінен айыру, жер аудару үлкен жаза екені жайында әсерлі әңгімеледі. «Атқа міндім деп, жерден алыстама, таққа міндім деп, елден алыстама» деген мақалдың мағынасын тарқатып, туған елді күзеткен көздің тозақ отына күймейтінін айтты. 

Ғұмырының 32 жылын Бұлдыртының дамуы үшін жұмсаған Бұлдырты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қален Ахметқалиев ауылдың қорына үлес қосуға шақырды. Жеке кәсіпкер Берік Сүлейменов осы ауылда өткен қызықты шақтарынан естелік айтты. Мектеп бітіргеніне 40 жыл болған Б.Сүлейменов желтоқсан айында мектеп ауласына шырша ағаштарын егіп, балалар ойыны алаңына қосымша тағы жабдықтар әкелмек. Орал қаласындағы авиациялық спорт мектебін басқарып отырған Ерген Орынбасаров Бұлдырты ауылынан қол күресі спортының филиалын ашуды көздейді. Кейпін Төлегенов Бұлдырты мешітінің мұнарасына 100 000 теңгелік көмек көрсетіпті. Бауыржан Бегайдаров құрдасы Ербол Нұрлановпен бірге ауылға кіреберіске арка орнатуға кірісетін болды. 

Бұлдырты ауылының көркеюіне атсалысып жүрген К.Төлегенов, Ж.Зейінов, К.Нұрғалиев, Б.Сүлейменов, А.Сәукелин, С.Мұқашев, А.Оразовтарға округ әкімі Е.Мақашев алғыс хат табыс етті. 

Дөңгелек үстел жұмысын аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева қорытындылап, бұлдыртылықтарға Сырым ауданы әкімінің қызметін абыроймен атқарған Абат Шыныбековтың сәлемін жеткізіп, аудандағы толағай табыстарды, атқарылған игі істерді атады. 

Бұлдыртыда алғаш ұйымдастырылған жерлестер форумы көптің көңілінен шықты.