Бірден айтайық, күн ыңғайсыз басталды. Тұруын ерте тұрдық. Алдымызда қыруар шаруа күтіп тұрғанын білеміз. Жинақталып, реттеліп алдық. Сол арада біздің құрамның жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Дәметкен Сүлейменова Исенгалиева Райса Касабулатоваға қоңырау шалды. Райса Касабулатова – Алашорда үкіметінің мүшесі болған Дәулетшаһ Күсепқалиевтың жиені. Қазіргі тегі – Борткевич. Мәскеу қаласында тұрады екен. Егер мүмкіндік болса, бір арыстың артындағы ұрпақ қой деп, құрметімізді білдіріп, кіріп - шыққымыз келген. Ойлағанымыз болмады. Райса апамыз әңгімені қысқа қайырды. «Мені қазақтармен ештеңе байланыстырмайды. Алашордашылар жайлы тек теріс пікірдемін. Менің атамды құртқан – солар!» деді де тұтқаны жапты. Қазақстан қайдан қызықтырсын бірақ, себебі ол кісіні нағашы атасы Дәулетшаһ Күсепқалиев туралы жаңа деректердің өзі қызықтырған жоқ. Өкінішті.  

Бүгін бірінші баратын нүктеміз – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігі. Біздің елшілік Чистопрудный бульвар №3 мекенжайында орналасқан қос қабатты, көк түсті ғимарат екен. Барсақ, негізгі есігі жабық тұр. Сөйтсек, артындағы қосымша есіктен кіруіміз керек екен. Оған да көндік. Бүгін елшілік үшін жұмыс күні емес екен. Астана күнінде бұлар да демалады екен. Демалыс демалыс, сонау жолдан келген бізді біреу – міреу қабылдар, тіпті болмаса жөн айтар дедік дегенмен. Олай болмады. Өзін кезекшімін деп таныстырған Нұрбек Қоңырбаев есімді жерлесіміз бізді елшіліктің босағасынан әріге аттатқан жоқ. Мүмкін тәртіп солай шығар деп, түсінуге тырыстық. Алайда, «Елшілік!» деп еміреніп барғанымызда, есіктен әрі аттай алмай, өкпелі болғанымызды тағы жасыра алмаймыз. Елден алып барған сыйлығымызды да дұрыстап қабыл алатын бір адам болмады. Апарып тұрғасын, тастап кеттік. Негізі Алашорда үкіметінің құрылғанының 100 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту - Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың үкімет басында жүрген кезінде көтерген мәселесі. Имекеңнің өзі еңбек демалысында екен. «Өзі болғанда ғой!» - дедім ішімнен.