Еркелей аққан Есілдің жағасынан орын алған айбыны асқақ Астанамыздың туған күніне орай аудандық мәдениет үйінде өткен «Асқақта, айбынды елдің Астанасы» атты мерекелік шара мемлекеттік әнұранмен ашылды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Төлеген Төреғалиев сырымдықтарды егеменді елдің Елордасы – Астана күнімен құттықтады. 

– Астана қазақ елінің мәртебесі, мақтанышы. Елбасының кезекті Жолдауынан кейінгі үлкен серпіліс болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елімізді экономикасымен қатар рухани жағынан да дамыту қажеттігін баса айтты. Елордамыз өзінің қарқынды дамуымен жас ұрпаққа рухани жағынан тәрбие беріп, көшбасшы ұрпақ болуына септігін тигізуде,- деген Төлеген Серікқалиұлы биылғы Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу бақытына ауданымыздан 303 адам ие болса, оның ішінде 20-сы ардагерлер екенін, ауданның атымтай жомарт азаматтарының демеуімен мектеп жасындағы бірқатар балалар да көрмені тамашалауда екенін атап өтті. 
Астана күні мерекесімен ардагерлер атынан Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев, жастардың атынан Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Асылай Ғабдолкәрім құттықтады. 

Аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының ұйымдастыруымен әсем ән асқақтап, күй күмбірлеген мерекелік концерт қойылды. Н.Қалешов, Г.Опағалиева, А.Какимов, А.Жұма, Н.Байнияз, Б.Жұмағалиева М.Мамбетқұлова, Бисенғалиевтер отбасы, ұлттық аспаптар оркестрі, квинтет, балалар саз мектебінің шәкірттері, балабақша бүлдіршіндері және басқалары мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.