Бүгін ерте де емес, жай да емес, қалыпты уақытта ояндық. Ас қылып, таңғы тамағымызды ішіп алдық. Мәскеу уақытымен сағат 9: 00 – де біз үйдің айналасында жоқ болдық. Бағытымыз – Дон зираты.

Біздің көліктің жүргізушісі Анатолий Мәскеуге келгелі бері ұялы телефонына орнатылған «Яндекс.карта» атты ұялы қосымшаның рахатын көрді. Рахаты рахат. Керек мекенжайыңды белгілеп аласың да, оператор көрсеткен бағытпен жылжи бересің. «200 метрден кейін оңға бұрылыңыз!», «100 метрден кейін тоқтаңыз!» деген нұсқауларға ілессең болды. Баратын жеріңнен бір шығасың! Сөйтіп отырғанда расымен де баратын жерімізден бір шықтық.

Біз тоқтаған жер – алып қамал. Кәдімгі қызыл кірпіштен қаланған, шамамен 500 метр сайын мұнарасы мойын созатын алып қамал. Қамалдың қабырғалары биік, сылақ көрген. Ал мұнаралары тозып кеткен екен. Мұнараның төрт қырында да екі – екіден терезесі бар. Терезе темір торымен тұр. Торды көріп, түрме ме деп қоямыз Айнагүл апамыз екеуіміз. Шынын айтайық, Алаштың «ауруымен ауырғалы бері» көне ғимарат көрсек бір тарихқа байланынтырғымыз келіп тұратын болған. Түрмені де Жаһаншалармен, Әлихандармен ойша байланыстырып үлгеріп жатыр едік...

Түрме емес екен. Қамал да емес екен. Біз көрген алып қабырғалар Дон монастырының ауласы болып шықты. Біздер сыртында жүр екенбіз. Ауызғы есікті іздеп қабырғаны жағалай біраз айналдық. Монастырьге кіретін қақпаны таптық. Бірақ, кіргеніміз жоқ. Біздің іздегеніміз монастырь емес, зират. Зират монастырьмен жапсарлас екен.

Кеңсесіне кіріп, Дәметкен апамыз Жаһанша атамыздың жары Ольга Константинованың жерленген жерін сұрады. Ольга Константинованың тегі бір деректе Пушкарева, енді бір мәліметте Колосовская деп жазылса керек. Жаһаңның жарын өз қолымен жерлеген Владимир Рысқұлов нағашы апасының Донда жатқанын Айнагүл апамызға арнайы жазып жіберген қағазы қолымызда болатын. Алайда, зираттың тіркеу жағына жауапты қызметкері электронды базадан да, қатталған құжаттардан да екі тегімен бірдей іздесе де Ольга апамызды таба алмады...

Дон зиратында Алаштың Әлиханы мен белгілі мемлекет қайраткері, өз кезінде Қазақ АКСР – нің Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Нығмет Нұрмақовтың жерлегенін білетінбіз. Арыстардың басына барып, құран бағыштай кетуді де ойластырған едік. Зират қызметкері екеуінің жерленген жеріне лезде алып келді. Бар болғаны он шаршы метрдің шамасындай жер отыздай жанның мәңгілік мекеніне айналыпты.

«Здесь захоронены останки невинно замученных и растрелянных жертв политических репрессий 1930 – 1940. Вечная им память!» деп жазылған көп қабірге ортақ көк таста. Бөкейханов пен Нұрмақовқа бөлек тақта орнатылыпты. Ұрпақтардың атынан Нұрхан Дулатбеков қойған екен.

«Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы!

Танимысың сен мені,

Мен қазақтың баласы!» деген ақын Қасымның жыры жазылған қос арыстың тақтасына. Осы төрт жол өлең түгел Дон зиратын кернеп тұрған сияқты.

Жендет жүйе аруақтардан екі кез жерді де қызғанған сияқты. Алақандай ғана жерде белгілі қолбасшылар: Тухачевский, Якир, Уборевичтер, Сергей Есениннің ұлы Юрий Есенин, тіпті, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болған Левон Мирзоян да қатар қойылыпты. Біраз толқып, өзімізге келген соң, Бақытжан Құралбайұлы Әлихан мен Нығмет аталарымыздың рухына құран бағыштады. Өзімізге келдік дегеніміз бекер екен. Кешегі күні Бутовадан шыққанда да біразға дейін қорғасындай ауыр ойлардан арылмаған едік. Бүгін де біршама тебіреністе болдық.