Астана күні қарсаңында Алаш саябағында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай 5-10 шілде аралығында ұйымдастырылатын «Жымпиты-Мәскеу» бағытындағы экспедицияны шығарып салу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қатысып, Батыс Алашорда астанасы болған Жымпиты үшін бұл экспедицияның маңызы зор екенін атап, жол жүргелі отырған экспедиция құрамына сәт сапар тіледі. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары С.Тажмұқан мен алаштанушы Д.Сүлейменовалар сөз сөйледі. 

Жымпиты-Мәскеу бағытындағы экспедицияның жетекшісі Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева болса, құрамында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова, Сырым аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Бақытжан Сабыралиев, жалпы білім беретін Бұлан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятов, «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы, №11 С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 9 сынып оқушысы Әмина Төлешовалар бар. 

Аудан әкімі Т.Төреғалиев пен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, тархи ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова ескерткішке гүл шоқтарын қойды. 
Жымпиты халық театрының әртістері Алаштың арыстары туралы театрландырылған қойылым қойды.
Д.Бекчурина «Алаштың асылдары» өлеңін оқыды.