Кеше Кузнецк қаласының маңындағы «Кронверк» кешеніне аялдадық дедік. Бүгін осы жердегі шағын кафеден таңғы ас ішіп, жүріп кеттік. Кешегі жүргеніміз – 500 шақырымның ар жағы. Әлі 700 шақырым жол қалай солай бар. Не болғанда да, бүгін Мәскеуге жетуіміз керек.

Жол үстінде әңгіме де айтып отырайын. Біздің Жымпитының үстінен өтетін ауыр жүк көліктерінің «ақ бата алып, аттанатын» жағы осы Ресей екен. Шетелдік жүк көліктері де осы жақта толып тұр. Трассаны босатпайды. «Мені көрдің бе? Мені көрдің бе?» дегендей ышқынып тұрып, жүріп жатыр. «Сендейлердің талайын көргенбіз! Жымпитымен жүретін сендер емес пе осы?» деп қоямын ішімнен. Көршілерімізде жол бойындағы сервистік қызмет жақсы жолға қойылған екен. Тоқтаған жеріңде, кафе, сауна, қонақ үй, көлік шеберханасы, автотұрақ, тіпті дәріханаға дейін бар. Және бір жақсысы, орыстар жолдың бойын әбден жайлап алған. Кемінде 10 - 15 шақырым сайын не ауыл, не кешен бар.

Жүріп келеміз. Пенза, Нижний Ломов, Рязань қалалары артта қалды. Рязаннан ұзай бере сәл аялдадық. Түскі ас ішу үшін. Содан тағы жүрдік. Әрі қарай «экипаж» қалғи бастады. Бір қалғып, бойымызды жинап алдық. Тоқтадық. «Московская область» деген жазудың жанына суретке түстік. Ия, біз Мәскеу облысындамыз. Сәлден кейін – қала.

Мәскеуге де кірдік. Кіргені қалай, бәленбай шақырым жол жүрдік. Кіріп келеміз, кіріп келеміз. Қала расымен де алып екен. Енді ше? Еуропадағы халқы ең көп орналасқан қаланың бірі болу әрі тұрғын саны жөнінен әлемнің он қаласының қатарына кіру оңай ма? Осы биылғы, 2017 жылдың санағы бойынша Мәскеу қаласында 12 миллионнан астам тұрғын есептелген. Есептелмеген, тіркелмегені қанша әлі?

Мәскеуге Орал емес екен. Соны түсіндік. Қаптаған кептеліс. Жылжисың, тұрасың. Жылжисың, тұрасың. Сосын тұрасың, тағы тұрасың. Оның үстіне бұл жақта да жол жөндеу. Несін сұрайсың, жалдамалы пәтерімізге жету үшін 3 сағат уақытымыз кетті. Пәтерге барар жолда әйгілі Қызыл алаңды, Кремльді көріп қалдық. «Ертең көрісерміз!» - дедім Кремльге.

Бүгін пәтерімізге орналасып, ұзақ жолдан кейін тынығуды дұрыс көрдік.

Бүгін біздің ел үшін мейрам. Бүгін – Астана күні. Азаттығымыздың ажары, қазақтығымыздың қазығы болған арайлы Астананың туған күні. Жатар алдында, Астанаға тілек айтайын!

Құрметті, Астана!

Сен сұлусың! Сен әдемісің! Мәскеу саған жетпейді. Шын айтам! Мейлі алып болсын, ірі болсын! Саған жетпейді. Елордамыздағы шыныдан салынған ұзынырғай ғимараттар Мәскеуде де бар екен. Астанадағыдай көп емес, бірен - саран! Анабір жараспайды. Көне киімнің ана жер, мына жеріне жылтыр ілгек тағып қойған сияқты оғаш көрінеді. Ал сол шыны ғимараттар біздің Астанаға қалай жарасады? Жайнаған үстіне жайнап, жарқыраған үстіне жарқырап тұр. Неге? Себебі, біздің Астананы қазақ маңдай терімен суарды ғой. Сосын жарқырайды да. Жарқырай бер, Астана! Туған күніңмен, сүйікті қала! Қуанышыңмен, айналайын Алаш!